5 жасар қызының көзінше әйелін өлтірген күдікті ізін жасыру үшін айғақтарды тығып кеткен

Алматы облысы Талғар ауданында ер адам әйелін 5 жасар қызының көзінше  өлтірген.  Әбден қансыраған келіншекті  аман алып қалу мүмкін болмапты. Ол неліктен бұндай жауыздыққа барды? Анасының ажалын көрген бүлдіршіннің қазір жай-күйі қалай? Әріптесім Айдана Шалқар тарқатады.

45 жастағы күдікті марқұммен заңды түрде некелеспеген. Бірақ, 15 жылдан бері бірге тұрады. Марқұмның анасының сөзінше, ер адам – Қарақалпастан азаматы, осында жүк тасушы боп жұмыс істеген. Сол түні ішімдікке тойып алған күйі әйелімен сөзге келіп, қол көтеріп, ақырында пышақ сұққан көрінеді.

ТҰРАШ ҚУАНЫШЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Шалқасынан түсіп, үсті-басының бәрі қан, соны аударып кофтасын шешкенде уже мына жерінен пышақ тыққан, екі қолтығына пышақ тыққан, ішіне пышақ тыққан. Бұрын ұратын, ұрған сайын арасына кеп түсетінмін.

Рысқұлов ауылының тұрғындары жантүршігерлік сұмдық оқиғадан кейін әлі есеңгіреп жүр. Марқұм әйелді бұрыннан танитын көршілері оның ерсі қылығы болмағанын айтады. Дегенмен, бірге тұрған жолдасының жиі мас күйде шу шығарғанына куә болыпты.

ЕЛЖАС РАХИМАН, МАРҚҰМНЫҢ КӨРШІСІ:

Есіктің бәрін жауып, кілтті көшеге лақтырып жіберген. Үйіндегі кішкентай қыз бес жастағы нулевой оқитын сол үйдің ішінен есікті ашып екінші кілтпен, через огород апасының үйі бар, соның үйіне барған ғой. Мамам ауырып жатыр, бағана аяғына пышақ салып алды, сендер неге скорый шақырмай жатсыңдар деген ғой бұған. Тез-тез барса уже кетіп қалған ғой. Төсекке жатқызып үстіне одеал жауып кеткен ғой еще.

Марқұм 1987 жылы дүниеге келген. Әріптестерінің айтуынша, ол бұған дейін күйеуі жайлы бірде-бір рет сөз қозғап, балағаттамапты.

АЙТОЛҚЫН ЖАППАР. МАРҚҰМНЫҢ ӘРІПТЕСІ:

Жазира тәте өте ақкөңіл, ашықжарқын, кеңпейіл, айтқан нәрсені бұлжытпай орындайды, жұмыстағы ең жақсы маманның бірі. Өз жұмысына лайықты жан.

«Күдікті қылмысын жасырып қалу үшін қан іздерін шүберекпен сүртіп, газ плитасының астына тығып кеткен» - дейді марқұмның жақындары. Еш бүлк етпестен, бой тасалау үшін ауылдан қашыпты. Десе де, ол ізін суытып үлгермеген.  Қазір уақытша ұстау изоляторында.

ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Ауыл тұрғыны азаматтық жұбайына пышақпен екі рет соққы жасап, салдарынан жәбірленуші бірнеше сағаттан кейін көз жұмған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап қамауға алды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты толық әрі обьективті анықтауға бағытталған тергеу әрекетттерінің кешені жүргізілуде. Тергеу шараларының нәтижесі бойынша іс материалдары сотқа жолданатын болады.

Ал, анасының мәйітін өз көзімен көрген 5 жасар бүлдіршін қазір атасы мен әжесінің қолында. Баланың психологиялық жағдайы тұрақты дейді туыстары.