Түркістан облысында 469 құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталды

Түркістан облысында 469 құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталды. Мердігерлерге 325 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Заңсыз салынған 7 нысан бұзылған.  

Заңсыз салынған 40 нысанды мәжбүрлеп бұздыру жөнінде сотқа талап-арыз жолданған. Соның бірі - Сайрам ауданындағы 4 қабатты кәсіпкерлік нысан. Аумағы 2100 шаршы метр ғимарат су қорғау белдеуіне кіріп кеткенімен қоймай, ешқандай құжатсыз рұқсатсыз салынған. Төлеби ауданындағы шағын демалыс орны да осындай.  Таулы аумақта 85 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізілген. Дені тұрғын үйге берілген жерге коммерциялық нысан салса, кейбірі ауыл шаруашылығы мақсатындағы аймаққа құрылыс жүргізген. 

ЕРКЕҒАЛИ ӘЛІМҚҰЛОВ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

85тің біз барлығын зерделеп, бұның ішінде қазір 9 демалыс орны сотта қаралып жатыр. Бұл 85 жер телімінен бөлек бізде жер сырғу, орысша оползни дейміз ғой, жер сырғу бойынша біз қазір 11 нысанды сотқа беріп жатырмыз. 11 обьекті жаңбыр қардың суынан еріп, ғимараттардың сырғу қаупі бар. Құрылыс талаптарына сәйкес келмейді.                        

Су қорғау аймағына жақын орналасқан түрлі жеңіл конструкциялы нысандардың да мәселесі  сотпен шешілмек. Былтыр облыста 16 құрылысты мамандардың түсіндіруінен соң қожайындары өз қаражаты есебінен бұзған. Олар- негізінен асхана, дүкен, бассейн, көлік жуу секілді коммерциялық мақсаттағы қосымша, жапсарлас, рұқсатсыз  салынған ғимараттар.

2025 жылы жалпы 324 577 604 теңге айыппұл салынып, есепті кезеңде өндірілген 283 000 000 теңге бюджетке кіріске алынды (87,2 %).

2024 жылы 290 701 690 теңге айыппұл салынып, есепті кезеңінде 222 181 800 теңге өндірілген. Салыстырмалы көрсеткіш бойынша есепті жылы 12 пайызға жоғары.

Өткен жылы облыс аумағында құрылыс монтаж жұмыстарын бастау жөнінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына 1700-ден астам хабарлама  тіркелген. Оның ішінде 1400 обьект жеке қаражат есебінен салынуда.

ТАРТУ БАЙТҰРСЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

500-ге жуық обьектіге бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 469 нысанда заң бұзушылықтар анықталды. Осы құрылыс субъектілеріне заңбұзушылықтарға жол берген субъектілерге қатысты 1202 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама түзілген болатын. 

Қазір 23 құрылыстың мәселесі  сотта қаралып жатыр. Ал   7 нысанды бұзумен сот орындаушылары айналысуда.