Ай сайын 100-ден астам әйел суррогат ана болуға келіседі

Елімізде жатырын жалға беретін аналар жылдан-жылға көбейіп келеді. Ашық дерекке сүйенсек, перзент сүйе алмаған жұптардың 45 пайызы жасанды ұрықтандыру арқылы ата-ана атанса, қалған 55 пайызы бала асырап алады немесе суррогат ананың көмегіне жүгінеді. Сұраныс артқан сайын, құрсақ аналардың саны да көбейді. Бірақ бұл қызмет қаншалықты заңды? Қандай талап қойылады? Ал адам тағдырына әсер ететін бұл шешімнің бағасы қанша?

Атын атамауды өтінген келіншек әлеуметтік желіден «суррогат ана керек» деген хабарландыруды көрген. Қаржы тапшылығы қысқан. Таңдау аз болған. Өзі үшін емес, екі жасар ұлының болашағы үшін келіскенін айтады. Ең қиыны құрсақтағы сәбиге бауыр баспау дейді.

СУРРОГАТ АНА:

Қазір екінші рет келдім. Бұған еріккеннен барған жоқпын. Ақша керек болды. Бұл қылмыс емес. Барлығы заңды түрде жасалды. Өз балам сияқты қарамауға тырыстым.

Қазақстанда бұл қызмет заңмен реттеледі. «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» заңда суррогат ана ұғымы нақты көрсетілген.

Алайда бұл кез келген адамның қалауы бойынша жасала салатын шешім емес дейді мамандар.

МАНАРА БАЙҒОЖИНА, СУРРОГАТ АНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ерлі-зайыпты балалы бола алмайтын себептер өте көп қазір. Еріккеннен «босанғым келмейді, менің орныма суррогат ана туа салсын» деп келетіндер жоқ. Ондай мүмкін де емес. Әйел адамда жатыр болмауы мүмкін, немесе жүктілік өміріне қауіп тудыратын жағдайда ғана олар суррогат ана қызметіне жүгінеді. Сондай-ақ бірнеше ЭКО нәтижесіз болғанда барып келеді. Бұның өзіне психологиялық тұрғыда дайын болу керек.

Суррогат ана болғысы келетін қыз-келіншектерге де талап қатаң. Табиғи жолмен босанған, дені сау баласы болуы шарт. 20 жастан асқан, зиянды әдеттері жоқ, психикалық және физикалық тұрғыда толық тексерістен өткен болуы тиіс. Жүктілік кезінде дәрігер бақылауынан шықпай, болашақ ата-анамен байланыста болады. Осы талаптарға қарамастан, бұл жолды таңдайтындар аз емес.

АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Суррогаттық ана болу бұл терең психо-эмоционалдық құбылыс. Суррогат ана баланы дүниеге әкелемін деп өзі бел буады, және ақша алу мақсатында немесе өзінің жағдайын жақсарту мақсатында осы жолға барып жатады. Бірақ сол суррогат ана міндетті түрде баланы құрсағында ұстаған кезде мен осы баланы тасымалдаушымын, мен осы баланы басқа ата-аналарға беремін деп өзін қайта -қайта сендіруі қажет.

Қазақстанда суррогат ана қызметінің құны шамамен 10 миллион теңгеге дейін жетеді. Жүктілік кезінде ай сайын 300 мың теңге төленеді. Киім-кешекке бір реттік 150 мың теңге беріледі. Бұл жүйеде тағы бір көрінбейтін кейіпкер бар. Ол - донор. Аналық жасуша немесе биоматериал беретін адам. Ол баланы көрмейді. Бірақ оның бір бөлшегі сол балада қалады. Заң бойынша - ешқандай байланыс болмағанмен, көкейде қалатын сауал көп.