Жасанды интеллект арқылы жасалған контент міндетті түрде таңбалануы керек. 18 қаңтарда жаңа заң күшіне енеді. Яғни, енді заманауи технологияны қолданып, фото-видео, аудио жасаған қазақстандықтар әр өнімге белгі қоюы тиіс. Ал ережені сақтамаған азаматтар жазаланады. Әріптесім Аяулым Изатқызы тарқатып айтады.
Жасы да, қарты да бас иетін, Жасанды интеллект, бар сенің қасиетің! Бүгінде әлеуметтік желіде нейрожүйеден көз аша алмайсың. Қазір жұрт сурет, видео, тіпті аудионың өзін жасанды интеллекпен жасайды. Ал оны шынайы бейнеден айыру қиынның қиыны.
Көңілге күдік ұялататын контентті жиі қолданатындарға тықыр таянды. Бұдан былай нейро жүйе қолданылған материалдарға міндетті түрде "жасанды интеллект жасаған" деп көрсету керек. Ал заңды сақтамағандарға шара қолданылады.
ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
Маркировканы көрсетпеген жағдайда әкімшілік жаза қарастырылған. Жеке тұлғаларға 15 АЕК көлемінде әкімшілік жаза көрсетілген, ал шағын бизнеске 20 АЕК көлемінде, орта бизнеске 30. Ірі кәсіпкерлерге 100 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Жаңа заң екі күннен кейін күшіне енеді. Бұл талап контенттің сенімділігін арттырып, жалған ақпараттың таралуын азайтуға бағытталған.
БАҚБЕРГЕН ШӘРІПБЕК, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Ағымдағы жылдың 18 қаңтарынан бастап жасанды интеллект туралы заң күшіне енетін болады. Бұл заң аясында Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіне толықтырулар енгізілген болатын. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі екі есе артады.
Таяуда ҚМДБ да жасанды интеллекке қатысты пәтуа шығарды. Дипфейк технологиясы арқылы жалған ақпар таратып, көпшілікті жаңылыстыруға шариғат бойынша тыйым салынған.