Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық тәуелсіздікті сақтау маңызды бағытқа айналды. Мемлекет басқару жүйесін цифрландыру арқылы басқа елдермен бәсекеге қабілетті болуды мақсат етіп отыр. Осы үшін цифрландыруға жауапты министрлікке қосымша өкілеттіктер беріліп, цифрлық технологияларды мектептен бастап оқыту жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар елді алдағы үш жылда толық цифрлық жүйеге көшіруге көмектеседі. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні енгізу кезінде азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінбек. Сарапшылар дербес деректерді қорғау үшін нақты заңдар мен ережелер қажет дейді.
АЛЬТАИР АХМЕТОВ, ASTANA IT UNIVERSITY РЕКТОРЫ:
Жасанды интеллект мемлекеттік жүйелерге енген сайын жеке деректерді қорғау мәселесі өткірлене түседі. Сондықтан деректерді пайдалану ашық әрі заң аясында жүзеге асуы тиіс. Білікті кадр даярлау мен деректерді қорғаудың халықаралық стандарттарын енгізу Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.