Қолайсыз ауа райы: Түркістан облысында полицейлер жолаушыларға үздіксіз көмек көрсетуде

Түркістан облысында полицейлер жолаушыларға үздіксіз көмек көрсетуде. Сайрам ауданы Ақсукент ауылында тайғақ жол салдарынан Mazda автокөлігі жол жиегіне шығып кеткен. Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік полиция инспекторы Қасым Тағабай жағдайды жылдам бағалап, трактор алдыртып, көлікті қауіпсіз жерге шығаруға ықпал етті. Полиция қызметкерінің кәсіби әрі шұғыл әрекетінің арқасында жол қозғалысы қайта қалпына келтіріліп, ықтимал қауіптің алдын алды.

Сондай-ақ Шымкент – Бадам – Арыс тас жолының Жамбыл ауылынан Қараспан ауылы бағытындағы қырлы бөлігінде жолдың мұз болып қатуына байланысты бірнеше жүк көлігі қозғалысын жалғастыра алмай, жолда тұрып қалған. Ауа райының қолайсыздығы көлік қозғалысына елеулі қиындық туғызып, жол қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Оқиға орнына жедел жеткен Ордабасы ауданының патрульдік полиция қызметкерлері Д.Абдрахманов пен С.Бегайлов және учаскелік полиция инспекторы А.Мұхамеджан мұз қатқан жол бөлігіне құм сеуіп, жолды қауіпсіз ету бойынша жедел шаралар қабылдады. Нәтижесінде жүк көліктері жол қозғалысын қайта жалғастырып, жүргізушілерге дер кезінде көмек көрсетілді. Полиция қыс мезгілінде жүргізушілерді сақтықты күшейтіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.