Алматы облысының бірнеше ауылына жылу жетіспей отыр

Фото: freepik.com

Талғар ауданындағы бірнеше елді мекенде газ қысымы төмендеген.

Бұл жағдайға байланысты аудан әкімдігі түсініктеме берді. Әкімдік мәліметінше, ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты газ тұтыну көлемі артып, соның салдарынан Тұздыбастау, Талдықұлақ, Белбұлақ елді мекендерінің жекелеген аумақтарында газ қысымының уақытша төмендеген.

- Қазіргі уақытта «Тәуекел Н Алғабас» ЖШС тарапынан аудан аумағындағы барлық газ шкафтарына газ беру көлемін арттыру және параметрлерді реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар қалыпты режимде атқарылады, - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар Талғар ауданының әкімдігі газ желілеріндегі тапшылықты шешу мақсатында Бесағаш ауылындағы Рақышев көшесі бойымен жүргізілген диаметрі 108 мм орта қысымды газ құбырын уақытша қосуға рұқсат беру туралы ресми хат жолданғанын мәлімдеді.

- Онымен бірге газ желілерін диаметрі 108 мм құбырға қайта қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда оқиға орнында 12 апаттық бригада, 9 үйішілік газ жабдықтарын қызмет көрсету бригадасы жұмылдырылған. Жағдай толық бақылауда, - деп хабарлады әкімдіктен.