67 жастағы әжей алаяқтардың арбауымен үйін сатып, депозиттегі ақшасын шешіп, тіпті өз атына несие ресімдеген. Барлық қаражатты түгін қалдырмай көрсетілген шотқа аударып жіберген.
Павлодар қаласында тұратын зейнеткер алаяқтардың кезекті құрбанына айналды. Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың шілде айында 67 жастағы қарияның телефонына «Сізге алаяқтық әрекеттер жасалуда» деген хабарлама келіп түседі.
- Кейін оған әлдебір қыз телефон шалады. Әжейге үйін тез арада сатып, банктегі ақшасын шешу, оны қауіпсіз есепшотқа аудару қажеттігін хабарлайды. Олай жасамаса, алаяқтардың құрбаны боласыз деп қорқытқан. Қыздың айтқанына сеніп қалған зейнеткер айтқанының барлығын жасайды. Одан соң қаскүнемдер оған тағы хабарласып, атына біреулер несие алғалы жатқанын, оны жою үшін өзге несиені ресімдеу керек екенін айтқан. Осылайша алаяқтар зейнеткерге бір демде үйін сатқызып, депозиттегі ақшасын шешкізіп, ең соңы несие алғызған. Жалпы сомасы 36 млн теңгеден астам соманы өзге шотқа аудартқызған, - деп хабарлады өңірлік полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіп жатыр.