Шымкенттік әйел балаларының денесіне үтік басып, пешке күйдірген

Шымкентте 30 жастағы әйел өз балаларын ұрып-соғып, ауыр жарақаттаған. Бірі 10, екіншісі 8 жастағы ұл мен қыз  түрлі жарақатпен ауруханада жатыр. Туыстарының мәліметінше, жеткіншектерді  анасы  аяусыз ұрып-соғып, денелеріне қызып тұрған үтік басқан. Онымен қоймай, пешке  күйдірген көрінеді. Бұл жағдайды байқаған балалардың туыстары тиісті органдарға хабарлаған.  

БАЛАЛАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Қыздың шашын алған, баланың шашын ортасынан арқаға қарай алған, екі жанында шашы тұр. Баланың аузына вилканы қыздырып басқан дейді. Үйде пешке басқан дейді ма, енді балалар өздеріне келіп сөйлеп жатыр ғой жәйлап балалар,сол. Білмеймін, бұл айуандық. Баға алмаса айтпай ма? «Мама, ене, мен баға алмай отырмын, асырай алмай отырмын, алып кет» деп.

Балаларына зәбір көрсеткен әйелдің 1 және 3 жасар тағы екі баласы бар. Олар уақытша «Сәбилер үйіне» орналастырылған. Жақындарының сөзінше, жағдай балалардың әкесі шетелге жұмысқа кеткеннен кейін ушыққан көрінеді. Туыстары балаларды өз қамқорлығына алуға ниетті. Мәселе қазір Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдің қадағалауында. Құзырлы органдар әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастырып жатыр. 

АБАЙ ПАХЫНБЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ӨҢІРЛІК УӘКІЛДІҢ КӨМЕКШІСІ:

Анасына қатысты Шымкент қаласы Полиция департаментінің Абай аудандық Полициясы басқармасында қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу амалдарын Айжан Ізбасқановна уәкіл ретінде толық өзінің бақылауында ұстап отыр. Алдағы уақытта қандай шешім шығатыны сот арқылы анықталатын болады.