Қызылжарда үйде жалғыз қалған 5 жасар қыз өртеніп кетті

Қызылжарда үйде жалғыз қалған 5 жасар қыз  өртеніп кетті. Петропавл қаласының іргесіндегі Ольшанка ауылындағы жеке тұрғын үй өртенген.   Баспананың түтіндеп жатқанын көршілер көріп, дереу өрт сөндірушілерді шақырыпты. Алайда, құтқарушылар келген бетте үй түгел отқа оранған. Төтенше жағдай мамандары үш сағаттан кейін отты толықтай ауыздықтады.  Үйінді астынан баланың мәйіті табылған.   

ЛЕВОН ДЖАНУНС, ОЛЬШАНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен үйдің түтіндеп жатқанын көріп, ұлымды жібердім. Ол есік арқылы кіре алмады, себебі құлып тұрды. Сосын терезені сындырып, ішін аралап, газ баллонын алып шықты. Егер үйдің ішінде қыз баланың барын білгенде, құтқарып алар едік. Ол өрт кезінде диванның артында тығылып қалса керек, өрт сөндірушілер сәбиді сол жерден тапты.

Баланың ата-анасы ол кезде қонаққа кеткен көрінеді.  Көрші-қолаң олардың ішімдікке жиі салынатынын айтады. Бірнеше мәрте әкімдікке жүгініп, жауапсыз ата-ананы бақылауға алуды сұраған. Алайда, құзырлы органдар салғырттық танытса керек. Полиция марқұм баланың анасын қамауға алып,  қылмыстық іс қозғады.

БАХТИЯР БЕКЕНЕВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өткен жылдың қыркүйек айында комиссия келіп, ата-анасымен сөйлесіп, қызды мектепке дейінгі тәрбие беру орталығына орналастыруды ұсынды. Бірақ сәбидің денсаулығында ақау болды. Қоян жырық болып туған. Сондықтан анасы балабақша, шағын-орталықтан бас тартты. Комиссия келгенде үй таза болды, әке-шешесінің мас күйін байқамадық.