Жамбыл облысы Сарысу ауданы экологиялық апаттың алдында тұр

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2026

Жамбыл облысы Сарысу ауданы экологиялық апаттың алдында тұр. Өңірде су жоқ.  Салдарынан  тірлігі төрт түлікке  тірелген тұрғындар тозып кеттік дейді.  Ауылдағы ағайын су келмесе  туған жерді тастап кетуден басқа амал қалмағанын айтады. 

Сарысу ауданында 6 ауылдың жұрты Талас пен Аса өзенінің ағын суына қарап отыр. Бірақ, сол су етектегі елге жетпей жатыр.  Жазда арналардың аңқасы кеуіп, шабындықтың шаңы шығып, жайылымда мал жейтін азық қалмаған.  Халық малдың жем-шөбін өзге өңірлерден сатып алып  отырған көрінеді. 

ОҢДАСЫН ДҮЙСЕНБЕКОВ, ШАҒАЛАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл енді экологиялық апат болып жатқан жағдай, ауыз судың тартылуы құдықтағы. Одан кейінгі мал жайылымының жоқтығы. Шабындық бәрі таусылып жатқан жағдай ғой.

МҰХАМЕДИЯ СЫЗДЫҚОВ, ЖАЙЫЛМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Малдың барлығы қолға қарап тұр. Шөптің өзің мына Қызылордадан тасып жатыр. Осы жағы бізге өте қиын болып тұр. 

Депутаттар жұрттың жанайқайын жергілікті билікке жеткіземіз деп  жүгіріп жүр. Бірақ, ол да нәтижесіз.    

ТАЛҒАТ НАХАНОВ, САРЫСУ АУДАНДЫҚ МАСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Мұнда 6 мәселе бар. 1 ереже бекітеміз деді. Арналарды тазалаймыз, шлюздер орнатамыз. Осы алты тасырманың біреуі де орындалған жоқ. Біз мына құжатқа құдайдай сендік. Қағаз жүзінде қалды.

Судың тапшылығынан мал саны азайып барады. Екі жыл бұрын ауылда 35 мың қой болса, қазір соның жартысы ғана қалған.  

ЖАНДАРБЕК СМАҒҰЛОВ, ЖАЙЫЛМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Себебі, малды ұстау сәл тиімсіз. Себебі мына жолдың бойындағы Таластың арнасы да, Асаның арнасы да екеуіде таза емес. Кісі бойындай құм. Су жан-жаққа балық шаруашылығын ашып алған. Тұс-тұсқа кетіп жатады.

ҚАЙРАТ АМАНОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ЖАМБЫЛ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

1-ші қаңтардан бері Киров су қоймасынан түсіп жатқан судың көлемі 5 куб қана. 5 кубтің сіздер қазір барып жатқан жерін көрдіңіздер. Бүгінгі күнде Досбол ауылынан өтіп, Шағалалыдан өтті енді оның біз Жайылмаға дейін жете ме, алдағы уақытта ол су тұрақты түрде қаншалықты беріледі. Ол судың түсуіне байланысты.

Ауыл шаруашылығы тыҒырыққа тіреліп тұр дейді тұрғындар. Бұқара айтқан базынаға Үкімет араласпаса ақша құмға, ауыл құрдымға кетпек.