Түркістан облысының Жетісай ауданында балалар арасында сары ауру көбейді

Түркістан облысындағы Жетісай ауданында  балалар арасында сары ауру өршіп тұр.  Сұлубұлақ  ауылының тұрғындары "бұл сапасыз судан" дейді. 200 дей түтіні бар елдімекенде бүйрегі ауырып, денсаулығы сыр бергендер де көп көрінеді.   Ал жауапты мекеме басшылығы бұл жағдайдан хабарсыз болып шықты. 

Мыңнан астам тұрғыны бар елдімекен жұрты   20 жылдан бері ауыз судың азабын тартып келеміз дейді.  Құбыр жүргізілгенімен судың дәмі кермек татып, көбіне лайланып ағады.  Салдарынан  әр үйден 3-4 баладан сары ауруға шалдығып, жаппай ауруханаға түсіп жатқан көрінеді.   

ДАНА ӘУЕЛБЕКОВА, СҰЛУБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің үш немерем сары ауру болды. Біреуі тяжелый болды. 14 күн алып жаттым. Одан кейінгі баламды 10 күн алып жаттым. Осы Сұлубұлақ пен Сырабаттың адамдары бір палатада, 8-9 адамнан. Бұл не сұмдық сонда.

РОЗА САЙДАЕВА, СҰЛУБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің сентябрь -октябрь айларында төрт немерем болды. Алды комаға түсуге сәл-ақ қалды. Сары ауру болды. «А» түрі болды. +Өте қиын жағдайда болдым. Шырылдап ары жүгіріп бері жүгіріп әрең дегенде аяққа тұрғыздық.

Дәрігерлер де мұны растап отыр. Балалардың дені-сары ауру.

ЭЛЬВИРА САПАРОВА, ФАП МЕҢГЕРУШІСІ:

Гепатит А деп айтады медицинада. Эксперттер сол суды тексертіп сол судан деп жатыр. Балабақшадан көбейіп жатыр. Мектеп оқушылары. Күніне 10-15 балалар жалобамен барады. Біраз балалар кәдімгі стационарда жатып емделіп жатыр.

Тұрғындар сапасыз суды өз беттерінше тазартып ішуге мәжбүр екенін айтады.

НИЯТ ИСАЕВ, СҰЛУБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өзімізше әрекет жасап, үйімізге фильтр су қойғанбыз. Сол суымыз бір ай, бір жарым айдың ішінде бәрі тұз болып қатып қалады. Ауыстыруға тура келеді. Төрт фильтр бар. Ауыстырғанда он мың болады. Ақырында оған ақшам жетпей қойдым да, суды Ильичтен тасып ішіп жатырмын мен.

ӘБДУӘЛІ СӘРСЕМБАЕВ, СҰЛУБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ БИІ:

Қазіргі аудан әкіміне осыны айтып жүргеніме төрт жыл болды. Төрт жылда биыл болады, келесі жылы болады, аналардың суын көрейік, содан кейін қазайық деп жүр ғой. Қашан қазады?! Қашан бітеді?!  

Жергілікті билік өкілдері мәселеден хабарсыз екенін айтады.

НҰРКЕН ӘЛМЕШ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді қазір бүгін естідік қой осындай болып жатқанын. Қазір енді анықтаймыз қалай болып жатқанын, не болып жатқанын.

АЛДИЯР ӘСІЛОВ, «ЖЕТІСАЙ СУ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өзі болып тұрады ондай. Жер асты суы болғаннан кейін біз бәрін скваженный насостармен тартып бергеннен кейін арасында ондай-ондай болып тұрады. Соны тазалап беріп тұрамыз біз. Сұлубұлақ бойынша сынамасын аламыз бүгін құдай қаласа. Сонымен сынамасына қарап ащы кермектігі бар десе биылға скважина қазуға ЖКХға құжатымызды дайындаймыз.

Жұрт мәселенің жақын арада шешіле қоятынына   сенбейді. Өйткені көрші ауылдарда басталған жұмыс жылдар бойы созылып жатқан көрінеді.