«Аңдар шаһары 2» мультфильмі жаңа рекорд орнатты

Фото: Видеодан алынған скрин

«Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмі Голливуд тарихында бұрын-соңды болмаған, ең жоғары кассалық табыс жинаған анимациялық туынды атанды.

Variety басылымының мәліметінше ( //variety.com/2026/film/box-office/zootopia-2-highest-grossing-animated-film-box-office-history-1236634289/ ), Джуди Хопс пен Ник Уайлдтың шытырман оқиғаларының жалғасы 1,7 млрд доллар табыс әкелген. Осылайша, фильм 1,69 млрд доллар табыс жинаған «Ойжұмбақ 2» (1,69 млрд доллар) мультфильмін басып озып, Голливуд студиясы шығарған ең табысты анимациялық фильмге айналды.

Айта кететін жайт, егер Голливудтан тыс студиялар ұсынған мультфильмдерді қоса алсақ (жалпыәлемдік рейтинг) абсолютті рекорд әлі де Қытай елі шығарған «Нэчжа Айдаһар патшасын жеңеді» мультфильміне тиесілі. Бұл анимациялық туындының табысы 2,25 миллиард долларды құрайды.

Рекордтық көрсеткіштердің арқасында «Аңдар шаһары 2» мультфильмі ең табысты фильмдердің жалпы рейтингісінде өз орнын ойып алды. Қазіргі таңда картина әлемдік прокатта тоғызыншы орында тұр, Ал алдыңғы қатарда келесі фильмдер тұр:

  • «Өрмекші адам: Үйге жол жоқ» - 1,9 млрд доллар;
  • «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» - 2 млрд доллар.

Disney өкілдері бұл жетістікке көрермендердің ықыласы мен қолдауының арқасында жеткенін айтты. 

«Бұл көрсеткіш бүкіл әлемдегі көрермендерге тиесілі. Олардың ықыласы мен қолдауы осы жетістікке жол ашты. Біз режиссерлер Джаред Буш пен Байрон Ховардты, продюсер Иветт Мериноны және Walt Disney Animation Studios ұжымын ерекше мақтан тұтамыз. Бұл фильм әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрерменнің жүрегінен орын тапты. “Аңдар шаһары 2” – ерекше жетістік, бұл туындының шығуына атсалысқан барша жанға алғысымыз шексіз», — деді Disney Entertainment тең төрағасы Алан Бергман.

Айта кетерлігі, жалпы табыстың басым бөлігі халықаралық прокат есебінен жиналған. Солтүстік Америкада мультфильм 390 млн доллар тапса, басқа елдерде 1,31 млрд доллар кіріс әкелді.

Қорытынды табыста Қытай нарығының үлесі ерекше болды. Бұл елде фильм 619 млн доллар жинап, Қытайдағы Голливуд фильмдері арасында тарихтағы екінші нәтиже көрсетті. Бұдан жоғары көрсеткіш тек «Кек алушылар: Финал» фильміне (632 млн доллар) тиесілі.

Disney компаниясы әзірге үшінші бөлімнің шығар-шықпасын ресми түрде жариялаған жоқ. Десе де, бұл туындыдан түскен үлкен табыс мультфильмнің жалғасын шығаруға мүмкіндік береді.