«Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Брюггемен» ойынға қатыспайды

Фото: instagram.com/d.satpayev

«Қайрат» командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі жетінші турындағы Бельгияның «Брюгге» (Брюссель) командасымен кездесу алдында баспасөз мәслихатын берді.

Бас бапкер команда құрамына қысқы трансферлік кезеңде қосылған футболшылардың алдағы ойындарға қатыса алмайтынын атап өтті.

- Сондықтан біз өткен маусымнан алматылық клуб намысын қорғап жүрген жігіттерге сенім артамыз. Құрамда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Өткен маусымның аяқ шенінде ота жасатқан Офри Арад алдағы кездесуге қатыспайды. Сондай-ақ Дастан Сәтпаевқа да үміт арта алмаймыз. Ол жарақатынан емделіп, оқу-жаттығу жиынынан тыс қалды. Ең бастысы, бізге футболшының денсаулығының жақсы болғаны керек. Біз Чемпиондар лигасындағы орнымызды білеміз. Негізгі ойындар алда деп санаймыз. Алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Қазірге дейін қарсыластардың барлығы оңай болған жоқ. Барлығы дерлік жоғары деңгейдегі командалар деп айта аламын, - деді ол баспасөз мәслихатында.

Кездесу 20 қаңтарда күні сағат 20:20-да елордадағы «Астана-арена» стадионында басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазірге дейін «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.