Елде вице-президент лауазымы пайда болады. Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы осындай ұсыныс айтты. Саяси реформалардың нәтижесінде болатын өзгеріс бұл ғана емес. Жаңа орган – Халық кеңесін құру жоспарда бар. Бұл кеңеске заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Ал халық қолдаған Бір палаталы Парламентке «Құрылтай» деген атау беру жоспарланып отыр. Президент мандатына қатысты да өзгеріс болады. Келелі жиында талқыланған маңызды мәселелерді Аружан Задабек рет-ретімен айтады.
Ұлт айнасына айналған Ұлттық құрылтайда ел дамуына әсер ететін маңызды мәселелер көтеріліп келеді. Бұл үрдіс биыл да әдеттен тайған жоқ. «Енді не өзгереді?» деген жұрт үшін біраз жаңалық бар. Алдымен, бірпалаталы Парламентке тоқталайық. Жолдауда Президент ұсыныс айтты, артынан коғам кеңінен талқылады. Пікірталас аз болған жоқ. Көбін алаңдатқан «қанша депутат болады?» деген сауал. Президент біраз ұсыныс түскенін айтты. Бірінші тарап халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынса, екінші тарап халық қалаулыларының санын 500-ге дейін арттыру қажет деді.
Ақыр соңында 145 мандат болады деген байламға келген. Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал, комитет саны 8-ден аспауы керек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада!
Мемлекет басшысы жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беруді ұсынды.
Ал, жасақтау тәртібі қалай болады десек, депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді.Таңдалғандардың арасында арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Бірақ жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квота өзгеріссіз. Ал партиялардың Парламентке өту межесі қазіргі бес пайыз мөлшерінде қалады. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз.
Президент жаңа орган – Халық кеңесін құруды тапсырды. Құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларын біріктіреді. Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді, ал төрағаларын Президенттің өзі тағайындайды. Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Ал жиыны жылына бір рет өтеді. Енді бұл өзгерісті Жаңа Конституцияға енгізу жоспарланып отыр.
Ата Заңда Мемлекет басшысының мандатына қатысты да өзгеріс болады. Қазіргі құжатта Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі Сенат төрағасына беріледі. Енді бұл өзгереді. Егер Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтуі мүмкін. Тоқаев бұл норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет деп тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни, заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс.
Енді елде вице-президент лауазымы пайда болады. Бұл – Мемлекет басшысының ұсынысы. Саяси тұлғаны Парламенттің қарапайым басым дауысының келісімімен Президент тағайындайды. Оның өкілеттік аясын да басшының өзі айқындайды. Осылайша, Парламенттік реформа аясында Ата заңға біраз өзгеріс енгелі тұр. Бастапқыда 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. 2022 жылғы реформада 33 бап жаңарған. Ендігі өзгерістер одан да ауқымды дейді Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Вице-президент Президенттің тапсырмасымен халықаралық форумдар мен шет мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде Қазақстан Республикасының мүддесін, Парламентте Президенттің мүдделерін білдіретіні, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайтыны, Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайтыны көзделеді. Вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты осы негізгі ережелерді Конституция мәтінінде де көрсеткен жөн.
Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады. Мұны Президент қазіргі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннен кешірім сұрап, хабарлады.
"Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз". Осылай деген Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдады. Арнайы Жарлыққа ертең қол қояды. Оның құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақыт белгіленеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады.
Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Былтыр экономика 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды.
Ал биыл бұл нәтиже екі еселенеді деген үміт бар. Оның үстіне, Президент ұсынған мемлекеттік биліктегі реформалар, оның ішінде бірпалаталы парламентке, яғни, Құрылтайға өту, Халық кеңесін құру, вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына тың серпін беріп, әлеуетін күшейтетініне сенім мол. Президент айтқандай, "ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталды".