Төрт жылда Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды

Ұлттық құрылтай ел дамуының нақты шешімдері қабылданатын алаңға айналды. Төрт жылда Құрылтай алаңында айтылған ұсыныстар негізінде 26 заң қабылданып, қоғам күткен бастамалар жүзеге асуда. Бұл - айтылған сөздің нақты іске айналғанының көрінісі. Әріптесім Ақбота Базарбай рет-ретімен айтып береді.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

"Айтылған сөз - атылған оқ". Бірақ жауапсыз қалса, сенімге сызат түсіреді. Соңғы жылдары Ұлттық құрылтай дәл осы жауапкершілікті нақты іспен бекіткен қоғамдық-саяси алаңға айналды. Ұлытау, Түркістан, Атырау және Бурабайда өткен төрт құрылтайдың нәтижесінде ел дамуына бағытталған 26 заң қабылданып, ондаған кешенді жоспар іске қосылды. Нәтижесінде Құрылтай бастамасымен Республика күні ұлттық мереке мәртебесін алды. Түркістан - рухани орталық ретінде ерекше статусқа ие болды. Вейпке тыйым салынып, лудоманиямен күрес заңмен бекітілді. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, вандализмге тосқауыл қою, есірткі қылмысына жаза күшейту - қоғам күткен шешімдер еді.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

"Бұл құжат - тәуелсіз Қазақстан тарихында ішкі саясат саласын жүйелейтін алғашқы тұжырымдамалық құжат. Оны әзірлеуге Құрылтай мүшелері мен белгілі сарапшылар белсенді атсалысты. Үшіншіден, ғылым және білім, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласында маңызды бастамалар қолға алынды".

Бурабайдағы төртінші отырыстан кейін 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекітілді. Бір жылдың ішінде алты заң қабылданып, тағы он заң жобасы жұмысқа алынды. Шекара маңы аумақтарын дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды жетілдіру, психологтар мен коучтардың қызметін реттеу - осының айғағы. Бұл - ұсыныстардың қағаз жүзінде қалмай, жүйелі іске асқанын көрсетеді.

АЙЫМ ТІЛЕПБЕРГЕН, САРАПШЫ:

Құрылтайдың ең басты мақсаты - халық өкілдерінен, ол ғалымдар болсын, ол қарапайым жұмысшы болсын, солардың өзекті бір шешілмей жатқан мәселелері, сұрақтары соларды шешу мақсатында солармен ақылдасу. Яғни сол төменгі жақтан, саяси элитаны алып қарайтын болсақ  төменгі қоғам жағынан жоғарыға қарай билікке қарай келетін ұсыныстар және соларды талқылау. Соның нәтижесінде пісіп жетілетін белгілі бір қоғамға қажет дүниелер шығатын үлкен шара деп айтса болады.

Президент Жарлығымен ішкі саясаттың негізгі қағидаттары бекітілді. Бұл - тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет қоғамның құндылықтық бағытын жүйелеген құжат. "Құндылықсыз қоғам - бағытсыз кеме". Осы тұжырымнан «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы туындады. Ал "Қазақстан балалары» бағдарламасы - баланың құқығын мемлекеттің басты міндетіне айналдырды.

ЛАУРА САНСЫЗБАЕВА, «ЖАСТАР» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА САРАПШЫСЫ:

Жастардың еңбекке тартылу мен экономикалық белсенділігі басты назарға алынған. Мысалы мемлекеттік деңгейде жұмысқа орналастыру бағдарламалары, оқыту жобалары мен жастар кәсіпкерлігін қолдау мәселелері талқыланған. Және де жастардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған нақты мемлекеттік іс-шаралар бұл - "Жол тап", "Жұмыс тап" сынды бағдарламалардың енгізілуіне ықпал етті.

Ұлттық құрылтай тек идеологиялық емес, экономикалық мазмұнмен де толықты. Өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданып, жаңа облыстарға қомақты қаржы бөлінді. Инфрақұрылым, жол, газ, тұрғын үй мәселелері нақты жоспармен шешіле бастады.

ДІНМҰХАММЕД ҒАЛИ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Бүкіл экономиканың дамуы өңірлерге беріліп жатыр. Көптеген мемлекет тарапынан қаржылар өңірлердің дамуына септігін тигізіп жатыр. Былай қарайтын болсақ қазіргі кезде инфляция мәселесін  қарайтын болсақ, инфляцияның өсуі осы өңірлерде болып жатқанын көреміз. Әсіресе, басқа мемлекеттермен шекаралас елді-мекендерде. Сондықтан мемлекет тарапынан осы мәселені ретке келтіру үшін бағдарлама қабылданды.

Ғылым мен инновация саласында ғылыми қалашықтарды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Креативті индустрия мен еңбек адамына басымдық берілді. "Еңбегі бағаланған елдің еңсесі биік". Жұмысшы мамандықтарының мәртебесі артып, 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды.

АЙГЕРІМ АБДРАШИТОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Жұмысшы мамандықтардың қоғам арасында мәртебесін көтеру үшін, сонымен қатар жастарды тарту үшін, мысалы, мемлекет тарапынан стипендиялар салынды, шәкіртақылар саны да қазір көбейтіліп отыр. Яғни, жастар қазіргі кезде осы бағытта білім аламын десе ол мемлекет тарапынан алатын шәкіртақыға сонымен қатар жатақханада орынмен қамтамасыз етіледі. Мұның бәрі Қазіргі кезде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға және сол салаға қызығушылық тудыру үшін жасалып отырған мемлекет тарапынан ынталандыру жұмыстары.

Мәдениет пен тарихи сананы жаңғырту да Құрылтай назарынан тыс қалған жоқ. "Өткенін құрметтеген ел - болашағын баянды етеді". Ұлттық кітап күні белгіленіп, «Кітап оқитын ұлт» бағытына серпін берілді. Ұлттық құрылтай - бүгінгі таңда пікір айтылатын мінбер ғана емес. Бұл - саяси шешімдер қабылданып, экономикалық ресурстар бөлініп, қоғамдық құндылықтар орнығатын ұлттық келісім алаңы.