Кәсіпкерлер 1 наурызға дейін мемлекеттік кірістер комитетіне хабарлама жіберуі қажет

Кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық режимін таңдап, мемлекеттік кірістер комитетіне хабарлама жіберуі тиіс. Уақытылы қадам жасамағандар автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке ауыстырылады.  Қаржы нарығында қателесіп, қапы қалмас үшін азаматтар тағы нені білу керек? Әріптесім Айсәуле Съезбек жаңа салық кодексіндегі басты  өзгерістерге тоқталсын.

Жаңа кодекске сай арнаулы салық режимдері 7-ден 3-ке қысқарды.  Енді тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, ауыл шаруашылығы қожалықтары мен оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтіндер салықтық жеңілдіктерге ие болады.  Басты шарт жылдық табыс 2,5 млрд теңгеден аспауы тиіс. Немесе Үкімет бекіткен 44 қызмет тізіміне жатпайтын бизнес түрі болу қажет.

ЕРҚАНАТ ШЫҢБЕРГЕН, ҚР ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Оңайлатылған декларация негізіндегі салық режимін қолдану үшін салық органдарына тиісті хабарлама жолдануы қажет.  Бұл хабарламаны салық кабинеті арқылы жолдауға болады. Және басқа да тәсілдер бар. Бұл «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы. Және де ірі банктердің қосымшалары. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер басқармаларына қағаз түрінде жолдау мүмкіндіктері.

Мұндай хабарламаны фермерлер мен шаруалар ғана жазбайды.  Олардың салық режимі автоматты түрде жаңартылады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке кәсіпкер ретінде 1 наурызда есептен шығарылады. Алғашқы чек қалыптасқан күні жаңа режимге өтеді. Өзгерістерді жан-жақты түсіндіру үшін әр өңірде «Халықтық бухгалтер» акциясы жүріп жатыр. Мақсаты – кәсіпкерлердің жаңа ережелерге қиындықсыз көшуіне  көмектесу. Бүгінге дейін 80-ге жуық бухгалтер 2 мың кәсіпкерге тегін кеңес беріп үлгерген.

СӘКЕН КАРИН, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЛЫҚ КЕҢЕСШІЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: 

Салықты әкімшілендіру тәртібі қатаңдап жатыр. Электрондық шот-фактураларды бақылаудың жаңа ақпараттық жүйесі енгізілді. Салықтық тексеру тәсілдері де жаңаруда. Бастамалардың нәтижесі біраз уақыттан соң анық көрінеді. Бұл ретте бизнес қауымдастық әр ақпаратқа құлағын түріп отыру тиіс. Заңды білмей, уақытылы салық процестерін реттемеген кәсіпкерлер зардап шегуі мүмкін.

Салық төлеуді оңайлату үшін комитет жалпы салықтық шот енгізіп жатыр. Азаматтар бұрынғыдай әр салықты жеке-жеке кодқа төлеп әуре болмайды. Бәрін бір код арқылы жолдайды.