Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған тапсырмалары шеңберінде білім беру және денсаулық сақтау салаларын қаржыландыру мәселелері түбегейлі қайта қаралатынын хабарлады.
Ол бүгінде білім беру саласында пилоттық режимде жекеменшік мектептерді цифрлық есепке алуды, негізгі процестерді автоматтандыруды және бюджеттеу жүйесімен синхрондауды көздейтін жаңа тетік енгізілгенін атап өтті. Нәтижесінде 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылды.
Бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізіледі. Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарының салынуы негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр, — деп атап өтті Аида Балаева.
Вице-премьер білім саласына жекеменшік инвестицияны тарту үшін мемлекеттік тапсырыссыз, тек инвестициялық шығынды өтеу механизмі сақталғанын айтты. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептерге лицензиядан кейінгі бақылау жүргізетін болады.
Бақылау аясында білім беру сапасының сақталуына, педагог кадрлармен қамтамасыз етілуіне және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз. Ал Денсаулық сақтау министрлігі Президент тапсырмасына сай халықтың нақты қажеттіліктеріне, демографиялық және көші-қон деректеріне сүйене отырып, медициналық көмекті жоспарлауға көшеді. Қаржыландыру көлемі ең тиімді мемлекеттік және сенімді жеке емханаларға бағытталады.
Қосарланған төлем мен жалған есепті болдырмау үшін бірыңғай цифрлық бақылау енгізілмек. Қосарланған төлемдер салыстырылып, барлық қаржыландыру көздерінің мәліметтері біріктіріледі. Пациенттермен кері байланыс мобильді қосымша арқылы жүзеге асады.
Сонымен бірге сапаны бақылау күшейіп, лицензиялау талаптары қатаңдатылады. Аталған шаралар қаржыландыру жүйесін әділ, ашық және тиімді етуге, сондай-ақ халықтың денсаулық сапасын жақсартуға бағытталған.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігіне берілді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы тапсырмасына сай, құқық қорғау органдарымен бірлесіп «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес тексеру жүріп жатыр. Сонымен қатар, жеке медицина және білім беру ұйымдарын қаржыландыру механизмдерін қайта қарау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.