Тұрғын үйде үлесі бар кезекте тұрған азаматтарға ипотека рәсімдеуге рұқсат берілуі мүмкін

фото: pixabay

Бұған дейін баспанада аз ғана үлесі барлар мемлекеттік қолдаудан автоматты түрде айырылатын. Енді олар жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге және арендалық баспанаға үміткер бола алады. Бұл өзгеріс әзірге заң жүзінде реттелген жоқ. Тек қаржы ұйымының бастамасы ретінде енгізіліп отыр.

«Отбасы» банкінің өкілінің айтуынша, жаңа тәртіп 2026 жылдың ақпан айынан бастап күшіне енуі мүмкін.

Бұған дейін  кезекте тұрған адамның жылжымайтын мүлікте тіпті кішкентай ғана үлесі болса, ол жеңілдетілген ипотека да, мемлекеттік тұрғын үй де ала алмайтын. Себебі талапқа сәйкес, үміткердің соңғы бес жыл ішінде жеке меншігінде тұрғын үйі болмауға тиіс еді. Мәселен, адамның өз баспанасы болмай, бірақ ата-анасының пәтерінде өте аз ғана үлесі болса, мемлекеттік көмекті қолдана алмайтын.

“Енді адамның тұрғын үйде үлесі болса, бірақ ол кезекте тұрса, мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Яғни, жеңілдетілген ипотека немесе жалдамалы тұрғын үй алу мүмкіндігі бар. Бұл мәселе заң жүзінде толық реттелмеген еді. Бірақ Отбасы банк азаматтардың жағдайын түсініп, көп өтініштерді ескере отырып, үлестік меншігі бар кезекте тұрғандарды есепке алу туралы шешім қабылдады”, – делінген банк хабарласында.