Биыл табыс өседі. Инфляция төмендейді. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бүгін үкімет отырысында осылай деді. Ал «Самұрық-Қазына» қорына тықыр таянды. Премьер-министр Олжас Бектенов қорға үш қалада жылыу электр орталығын салуды жүктеді. Ол қай қалалар? МӘМС-ті қолды қылғандар да қатаң жазаға ілігеді. Бұдан бөлек, салық кодексін енгізу жөнінде жобалық кеңсе құрылады. Президенттің V Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына байланысты өткен жиында тағы қандай мәселелер қаралды? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.
Биыл халықтың табысы артады. Бұған ұлттық экономика министрлігі ішкі инфляцияны төмендету арқылы қол жеткізуді көздеп отыр.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Биыл халықтың нақты табысының өсуі 2,3% жоғары болуы тиіс. Оған экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету есебінен қол жеткізіледі. Экономиканың өсуі 5%-дан кем емес деңгейде қамтамасыз етіледі. Ол үшін негізгі капиталға салынған инвестициялдар көлемі жалпы ішкі өнімге қатысты 18%-ға дейін жеткізіледі.
Сонымен қатар салық кодексіне қатысты жобалық кеңсе құрылады. Онда бизнес өтініштер шоғырланатын, келісілген шешімдер қабылданатын және мемлекеттің бірыңғай ұстанымы қалыптасатын үйлестіру нүктесі болады. Сондай-ақ, енді шағын бизнесті қолдайтын «Іскер аймақ» бағдарламасы әзірленді.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Әкімшілік жүктемені азайтып және қолдау көрсете отырып, бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша жүйелі шаралар жалғасады. Басымдық берілетін салаларда кәсіпкерлік қызметті ынталандыру үшін «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды.
Әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне қатысты тізім кеңейеді. Осы арқылы қымбатшылықты ауыздықтамақ.
Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтай кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын жіктеп, үкіметке жаңа міндеттерді жүктеді. Ол алдымен "Самұрық-Қазына" қорына үш қалада жылу электр орталығын салуды тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«Самұрық-Қазына» қорына қаңтар айының соңына дейін Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында Жылу электр орталықтарын салу жобаларын іске асыру бойынша келісім-шарттарды бекітуді тапсырамын.
Үкімет басшысы мұнымен қоса елде энергия ресурстарына сұраныс өсіп отырған қазіргідей жағдайда геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруды, көмірсутектердің жаңа кен орындарын игеру және ірі газ өңдеу зауыттарын уақтылы іске қосуды міндеттеді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен бірге ақпан айының соңына қарай мұнай мен газдың жаңа кен орындарын игерудің егжей-тегжейлі жоспарын енгізуді тапсырамын.Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры газ өңдеу жобаларын іске асыру кестесінің сақталуын қатаң бақылауды қамтамасыз етіп, ай сайын мені тікелей хабардар етіп отырсын.
Сондай-ақ, МӘМС-ті қолды қылғандар жазаға тартылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігіне қайтарылады. Оны Мемлекет басшысы құрылтайда қолдайтынын жеткізген еді.