"Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет", - Президент

«Аралды құтқару барша адамзат үшін өте өзекті міндет». Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы қайтқан теңізді сақтап қалу жолында аянбау керегін айтты. Бұл орайда көршілермен су мәселелерін оңтайлы шешу маңызды екенін жасырмады. Бүгін Үкімет отырысында да бұл мәселеге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.

Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Аралдың көлемі 2023 жылдың басында 18,4 млрд текше метр болса, қазір 23 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Енді Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасының екінші кезеңі басталуға жақын.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:

Бұл Көкарал бөгетін қайта құруды және теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруді көздейді. Нәтижесінде  Солтүстік Аралдың ауданы 3 913 шаршы шақырымға, ал көлемі 34 млрд текше мтрге дейін артады. Теңізді осы деңгейге дейін көтеру мерзімі 4-5 жылды құрайды.

Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты тіршілік нәрі теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. 

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Басқа мемлекеттермен келісімшарт жүргізу керек. Байқауымыз керек. Ол жақтан бізге төмен қарай су жібермесе қалай болады. Үстінде су ішеді, төменгілер у ішеді деген бар. Сол себепті бұл жерде дипломатиялық көзқарастар керек.

Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет - деді Президент. Мемлекет басшысының Құрылтайда Арал тағдырына ерекше екпін бергеніне Сыр жұртын қуантты.

БЛИЦ:

- Өзіміздің Қазақстан ғана емес, бүкіл шетел ғалымдары жұмылтырылып істеп жатқан жұмыс. Аралымыз қайта орнына келсе екен дейміз. Аралда қаншама тұрғынды мысалы жұмыспен қамтамсыз етеді. Балығымыз, әлемге шыққан. Соның барлығы қайта орнына келсе екен деген неміз бар.

- Аралдың мәселесін Президентіміз көтеріп, әрине жақсы жаңалық қой біз үшін. Қызылордалықтар, облыс бойынша барлығымыз көріп қуанып жатырмыз. Әрине, Аралымыз жақсы болса өте жақсы ғой. Ауа райы да жақсы болады, барлығы қолайлы болады халыққа.

Теңіз деңгейін сақтап, қалпына келтіру бұл экологиялық ғана емес, статегиялық міндет. Ол халық денсаулығын сақтап қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің тамырына қан жүгіртері анық.