Автосақтандыру шығынды толық өтей ме?

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2026

Міндетті автосақтандыру жүргізушіні қаржылық шығыннан қорғауы тиіс. Алайда жол апатынан кейін көлік иелері көбіне компаниямен дауласып, заңдық өтемақыны алу үшін ұзақ уақыт сабылуға мәжбүр болады. Өтемақы көлемі, есептеу әдісі мен қызмет көрсету сапасы қоғамда сұрақ туғызуда. Міндетті автосақтандыру шығынды толық өтей ме?  Тілші Айғаным Тұрысбек зерттеп көрді.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Жақында ғана көлік алдым. Темір тұлпар тізгіндеймін деп қуанасың, бірақ уайым да қатар келеді екен. Біреу соғып кетпей ме, өзің бір жерін сызып алмайсың ба деп ойлайсың. Сол кезде «міндетті автосақтандыру бар ғой» деп өзіңді жұбатасың. Жол апаты бола қалса, шығынды толық өтей ме деген сұрақ бәрібір мазалайды. Себебі көлік иелерінің көбі сақтандыру төлемін алу оңай емес екенін айтып жүр.

Міндетті автосақтандыру жүргізушіні қорғауы тиіс, бірақ жол апатынан кейін көлік иелері компаниямен дауласып, ұзақ сабылуға мәжбүр. Алматылық Диас Нұрақын 40 күн бұрын соғылған көлігінің өтемақысын толық ала алмай, ұзын кезек пен маман тапшылығына тап болған.

ДИАС НҰРАҚЫН, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Дефектный акт жасаттық. Ол шамамен 915 мың тг шығарып берді маған. 1 аптадан кейін сақтандыру компаниясы сол диллерлік орталық берген құжатты әкетіп маған 270 мың тг беруге дайынбыз деп хат жіберіп тұрда. Сонда 4 есе көпта. Тағы да арыз жазып кеттім келіспеймін деп. Енді оның артынан жүру керек. Үшінші барған кезде маған 520 мың тг төлейміз деп хат келді. Әр барған сайын бағаны өсіріп жатырда. Бірақ оған қанша жүйке жүйе, уақыт кетеді.

Сақтандыру компаниясы Диас Нұрақынға 520 мың теңгеден артық төлей алмайтынын айтып, омбудсменге жүгінуді ұсынған. Оған қоса, бұрын соғылмаған көліктің тозу деңгейін 27 пайыз деп көрсеткен. Ол бұл шешіммен келіспейтінін айтып отыр, ал компания өз әрекетін заңды деп түсіндіреді.

ЕРМЕК БАЖЫЛДАҚОВ, АВТОСАҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫ ЗАЛАЛДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда наразушылық туындағанда бұл жерде сақтандыру амбудсмені бізе қарағанда сот сияқты болады. Соның шешім қабылдағаны бізге заңды болады. Мысалы диллер қандай машина болса да амортизациялық взносты санамайды. Бұл жерде біз өзіміздің мамандандырылған дүкендердің бағасын аламыз. Бұл заңмен қарастырылған.

Көпшілік құжатбастылық пен кезектен қашып, тиесілі ақшасын ала алмай қол сілтеп жатады. Осыны пайдаланған тәуелсіз делдалдар сақтандыру төлемін өндіріп беруді ұсынып, соңында алынған соманың шамамен 10 пайызын қызмет ақысы ретінде алады.

Сарапшылар өтемақы көлемін арттыруды ұсынады, бірақ бұл сақтандыру тарифтерін қайта қараумен қатар жүруі керек. Елде 6,7 миллионнан астам көлік тіркелген, 25-ке жуық сақтандыру компаниясы бар, олардың жылдық табысы 223 млрд теңгеге жетеді.

САНАТ НҰРБАЕВ, АВТОСАРАПШЫ:

Түпті, жүргізу тәжірибесі жоқ адам жылына 100-120 мыңға дейін жылына сақтандыру полисін алады. Ал ол ешқандай жол-көлік оқиғасына түспесе, сақтандыру полисінен ақша алмаса ол ақшаның бәрі қайда кетіп жатыр. Сақтандыру полисіне кетіп жатыр.

Заң бойынша адам мерт болса, сақтандыру компаниясы 7 млн теңге төлеуге міндетті, бірақ барлығы бұл соманы ала бермейді. Шет елдерде, мысалы Германия мен Францияда, апатқа түспеген жүргізушілерге жарна жыл сайын төмендеп, төленген қаражаттың бір бөлігі қайтарылады. Қазақстандағы жүйеде әлі де мәселелер бар, бұл тақырып былтыр желтоқсанда Мәжілісте қаралған.