БҚО-да 8 колледж сенімгерлік басқаруға беріледі

Батыс Қазақстан облысында биыл 8 колледж сенімгерлік басқаруға беріледі. Сала өкілдерінің айтуынша, бұл бастама оқу орындарының материалдық-техникалық базасын күшейтіп, білім сапасын арттырмақ. Ал қоғам белсенділері бұған күмәнмен қарайды. Өйткені стратегиялық маңызы бар білім ошақтары мен коммуналдық саланы жекеге беруге болмайды дейді. 

Жетпіс жылдық тарихы бар Орал политехникалық колледжі құрылыс саласының мамандарын даярлайды. Мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін білім алатын жастар жатақханамен қамтылған. Кәсіби шеберханада тәжірибе жинақтаған түлектер де жұмыссыз қалған емес. Қазір оларға сұраныс жоғары. Енді бұл оқу орны   өңірдегі өзге колледждер секілді сенімгерлікпен басқаруға беріледі.

НҰРБОЛАТ НҰРПЕЙІСОВ, ОРАЛ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сенімгерліктің мақсатының өзі - балалардың білім сапасын көтеру, өмір сапасын қамтамасыз ету. Бірақ енді ол қалай болады деп оны кесіп айту оңай зат емес. Ол келгенде қандай талап қоятынын мен айта алмаймын. Ол өзі бүкіл берген документацияны қарайды да, оған пайдалы ма, пайдалы емес пе, соны есептейді ғой деп ойлап тұрмын мен. Оны мен болжай алмаймын, айта алмаймын.

Мұндағы мақсат - оқу орындарының жағдайын жақсарту һәм қазына қаржысын үнемдеу. Бірақ қоғам белсенділері бұған келіспейді. Өйткені ұйымдастырушылар қоғамдық тыңдау өткізіп, әуелі халық пікірімен санасуы керек дейді.

БАУЫРЖАН ЗӘКИ, БҚО ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ:

Жекеге келген адам ойына келгенін жасауы мүмкін. Міндетті түрде жекеге алғаннан кейін ол оқудың бағасын көтереді. Бұл - енді міндетті нәрсе. Екінші вариант бар: оқудың бағасы көтерілмейді, сол қалпында қалады. Бірақ бюджеттен осы оқу орнына жеке басқа, әр оқушы үшін берілетін субсидияның бағасы онда өседі. Яғни, бюджет былай айтқанда азаяды. Бюджеттен тағы да қаражат көп бөліне бастайды.

Дегенмен жауапты мамандар жекеге берілер  нысандардың жағдайын үнемі бақылап отырамыз, асыра сілтеуге жол жоқ деп отыр.

БІРЖАН МЕҢЕШОВ, БҚО МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ МЕНШІК БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сатып алу құқығынсыз беріледі. Сондықтан да мүлік мемлекеттің иелігінде қалады. Біздің басқарма ертең мысалы шарт жасасқан жағдайда егерде сенімгерлік басқарушы айқындалып, мониторинг жасап қарап отырады сол талаптардың орындалуын қарайды. Егер де қандай да бір талаптар уақытылы немесе сапасыз орындалғаны айқындалатын болса, шартты бұзу туралы шешім қабылдаймыз.

Өңірде бұған дейін екі колледж сенімгерлікпен басқаруға берілген. Бірақ қаржылық қиындыққа ұшырап, мемлекетке кері қайтарылыпты. Дегенмен 2030-жылға дейін төрт аудан мен облыс орталығындағы коммуналдық кәсіпорындарды осы жүйеге тапсыру жоспарланған.