“Бір палаталы Парламент құру – ел болашағы үшін тағдыршешті шешім”. Мәжіліс Төрағасы Ұлттық құрылтайда көтерілген саяси реформаларға қатысты осылай деді. Президент кеше Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды. Депутаттар мұны қосқолдап қолдап отыр. Өйткені, Құрылтай – қай кезеңде де дала демократиясының негізі болған. Ежелден ұлт тағдырын айқындаған, ел аманатын арқалаған институт. Ерлан Қошанов, бұдан бөлек, Халық кеңесін құру, вице-президент лауазымын енгізу аса маңызды бастама екенін айтты.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл реформалар – ұлттық деңгейдегі институционалдық трансформацияның бастауы. Соның аясында мемлекеттік құрылымның концепциясы кешенді түрде өзгермек. Сөйтіп, билік архитектурасы түбегейлі жаңғырады. Бұл қадамдарды «Президент Тоқаевтың әділет жолы» деп айтуға болады. Ол жұмыс бүгін ғана басталған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттікке кіріскен алғашқы күннен бастап кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, кешенді реформалардың заңды жалғасы.