Қазақстанда 4 ірі фармацевтикалық зауыт салынады

фото: pixabay

ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының фармацевтика саласындағы отандық өндірістің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде дәрілік заттар өндірісін оқшаулау жөніндегі төрт ірі инвестициялық жобаны іске асыру туралы келісімдерді мақұлдады.

Жобалар Денсаулық сақтау министрлігінің «АлтИНФАРМ» ЖШС, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС және «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ компанияларымен келісімдері шеңберінде іске асырылатын болады. Бекітілген жобалар бойынша инвестициялардың жиынтық көлемі 173 млрд теңгені құрайды, шамамен 675 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.

Жаңа қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарда дәрілік заттардың 356 атауын өндіру жоспарлануда. Төрт ірі зауыт Алматы қаласында, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарында орналасатын болады. Өндірістік желі онкологиялық және қант диабетін емдеуге арналған құралдарды, сондай-ақ иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, анемияға қарсы, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суыққа қарсы және микробқа қарсы препараттарды қамтиды.

Сондай-ақ, халықаралық GMP стандарттарына сәйкес белсенді фармацевтикалық ингредиенттер мен биопрепараттар шығару көзделген.

Жалпы көлемде денсаулық сақтау жүйесінің дәрілік қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттырудың негізгі элементтерінің бірі ретінде 72 әлеуметтік маңызы бар дәрілік затты шығару жоспарланғанын атап өткен жөн.

Бекітілген инвестициялық бастамаларды іске асыру қазақстандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін едәуір арттыруға, фармацевтикалық нарықтың импортқа тәуелділігін төмендетуге, дәрілік қамтамасыз етудің тұрақтылығын нығайтуға, халықты отандық өндірістің қолжетімді және сапалы дәрі-дәрмектерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.