Елімізде ЖИ-сауаттылығын жаппай қалыптастыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр

фото: pixabay

Coursera Қазақстанды білім беруді цифрлық трансформациялау бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде ресми түрде таныды. Жоба бойынша үш жыл ішінде 235 мыңнан астам студент 503 мыңнан астам сертификат алды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова хабарлады.

«Бір жыл ішінде студенттер бірқатар бағдарламаларды меңгерді. «Баршаға арналған генеративті ЖИ», «ChatGPT-ге арналған промпт инженерия», «ChatGPT арқылы жаңашыл оқыту» сияқты курстар үлкен қызығушылық тудырды», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.

Оның айтуынша, AI Sana бағдарламасы аясында Coursera жасанды интеллект бойынша даярлаудың базалық алаңы ретінде пайдаланылады. Бүгінде 668 мыңнан астам студент ЖИ бойынша курстардан өтті.

«Бағдарламаның негізгі мақсаты – ЖИ-сауаттылығын жаппай қалыптастыру және практикалық цифрлық дағдыларды дамыту. Қазір бағдарламаның екінші кезеңін іске қосу шаралары басталды, онда негізгі басымдық ЖИ саласындағы кәсіпкерлік құзіреттілікті қалыптастыруға жасалады. Бұл кезеңде жобалық идеялары бар студенттер арасынан іріктеу жүргізіліп, 100 студент оқытылады», - деді вице-министр.