"Қыз алып қашқандар жазадан құтылмайды", - заңгер

Қыз алып қашу – қазақтың салты емес. Бұл – адамның еркіне қол сұғу. Заң тілімен айтсақ, қылмыс. Былтыр  «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы енгізілді. Бірақ нәзік жандыларды зорлықпен алып қашатындар әлі азаймай тұр. Заң әлсіз бе, әлде сана таяз ба? Қыздың «жоқ» дегеніне тоқтайтын қоғам қашан қалыптасады? Тілші Айсәуле Съезбек айтады.

Қыздар үйге аман-есен жетеміз бе деп үрейленеді. Ал жалған намысы оянып кететін кейбір еркек «жоқ» дегенді көтере алмай, ойына келгенін істейді. Бетін қайтарса, бүлік шығарады. Еркінен тыс алып қашады. Көнбесе, зорлайды. Тіпті болмаса, өрімдей жас қыздардың өмірін қия салады. Бұл – фемицид деп аталады. Әлемнің 29 елі фемицидті адам өлтіруден бөлек бап ретінде танып, арнайы құқықтық норма енгізген. Ал «қыз алып қашу» бабы көрші Қырғызстан мен Әзербайжанда баяғыдан бар. Ал Қазақстанда.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қыз алып қашуға қатысты мен 10 жылға таяу көтеріп жүрмін. Бірақ өкінішке орай заңға өзгеріс енгізе алмадық. Полиция да қарсы болды. Прокуратура да біраз қарсы болды. Қоғам да түсінгісі келмеді. Айттық қайта-қайта бірақ қабылдамады. Бірақ мемлекет басшысы Атырауда өткен құрылтайда осы мәселені шегелеп тұрып айтты. Бұндай дәстүр бізде болған жоқ. Дәстүрге салмаңдар. Сол себептен болды, заң қабылдаңдар деп тапсырма берді.

Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей пәрмен берген соң былтыр шілдеде Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы енгізілді. Оның 3 бөлігі бар. Кәмелетке толмағандарды алып қашу, күш қолдану, топтасып зорлық-зомбылық жасау қылмысты ауырлататын жағдай боп саналады. Жауаптылар 3 жылдан 7 жылға дейін түрмеге жабылады. Ал абайсызда жәбірленуші ауыр зардапқа ұшыраса, 10 жылға бас бостандығы шектеледі.

ӘЛІМЖАН ЖҰБАТХАНОВ, ЗАҢГЕР:

Бұл жерде құқықтық сауаттылық керек. Бас салып алып қашып кел, той жасап береміз деген бұл дәстүрге жатпайды. Осындай кезде заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Оған көмектескен адамдар, жүргізуші, жігіттің жолдастары, келіндері, жеңгетайлары, барлық туған-туысқандары көмектесетін болса, бұл адамдар тобы болып ауыр қылмыс.

Арнайы заң қабылданғанымен, іс жүзінде жүзеге асырылуы әлі шала. Бұған Нұрай кейсі дәлел. Заңгер Әйгерім Құсайынқызы бұл ретте полицияны ояту керек деп санайды. 

ӘЙГЕРІМ ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, ЗАҢГЕР:

Жергілікті мекендерде отырған полицейлердің санасын өзгерту үшін «Ей, бұл дәстүр емес қой. Бұл ата-бабаңнан қалған ғұрып емес қой, бұл – қылмыс» деп айтып отыратын ешкім жоқ. Дәл осы тұста бүкіл ішкі істер министрілігінің қызметкерлерін қайта оқыту қажеттігін, реформа қажеттігін көруге болады.

Соңғы 5 жылда қыз алып қашуға байланысты сотқа 256 шағым түскен. Оның тек 5-еуі сотталған. Қалғаны бостандыққа жіберілді. Өйткені былтырға дейін қыз алып қашу қылмыстық кодекстің 125-ші «Адам ұрлау» бабымен қаралып келді. Ал ондағы «Ұрлаған адамды өз еркімен жібере салса, жауапқа тартылмайды» деген керіағар қосымша қылмыскерлерді ақтап беретін. "Кешірдім" деген қолхат алып, мәселені жылы жаба салатын.

ӘЙГЕРІМ ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, ЗАҢГЕР:

Нақты қанша қыз қыз алып қашу құрбаны болғанын, қанша қылмыстық іс тіркелгенін айта алмаймыз. Себебі бізде бұндай бап болған жоқ. Демек ҚР прокуратурасы бізге нақты дәлелді бере алмайды. Бізде деректердің аздығы бұл мәселенің қаншалықты ушығып тұрғанына шынайы баға беруге қиындық тудырады. Нұрайдың кейсіндегідей қабылданбаған істердің нақты саны қанша екенін біз ешқашан біле алмаймыз.

Құқыққорғаушылар «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабының нәтижесіне кемі 3 жылдан соң баға бере аламыз дейді. Қазір қолдан келері – ақпараттандыру. Яғни, "қыз алып қашу – қылмыс, қылмыстың жазасы – түрме" екенін тарату аса маңызды.