Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғимараты жаңартылады

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғимараты жаңартылады. Себебі, күн сайын қойылым үзілмейтін сахнаның әбден тозығы шыққан. Десе де, театрдың сыртқы қаптамасындағы мәрмәр мен оның тарихи құндылығын білдіретін элементтер сақталатын болады. Ескі сахна жабдықтары толық жаңартылып, заманауи жарық пен дыбыс жүйелері орнатылады. Оған қоса, реконструкция инклюзивті талаптарға сай жасалады.

СЕРГЕЙ ПОНОМАРЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Театр ғимараты 45 жыл бойы пайдаланылып, тозығы шықты. Мәдениет министрлігі өңдеу жұмысын жан-жақты жүргіземіз деп айтты. Құрылысқа жақында қаржы бөлінеді. Бұл театр – еліміздің ең маңызды мәдени ошақтарының бірі. Сондықтан оған ерекше мән берілуі тиіс.

Айта кетейік, 40 жылдық тарихы бар Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да қайта жаңғыртылуда. Нысанның шатыры мен қасбеті  жөнделіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қосымша орындармен толығады. Жөндеу жұмыстары өткен жылы наурыз айында басталған, биыл шілдеде аяқталмақ.

ЕРБОЛ УСМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл ғимарат 1980 жылы салынған, басында бұл мәдениет үйі боп салынған. Реконструкциядан кейін ескі ғимарат 9800-ден 15 мың шаршы метр болады. Бүкіл инженерлік желілер ауысады, жаңадан мультимедийный оборудование қойылады. Бұл жобаға 29,3 млрд теңге бөлінген.