Сәпиевтің орынбасарымен төбелескені рас па?

фото: Серік Сәпиевтің жеке Instagram парақшасынан

Әлеуметтік желіде Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Серік Сәпиев орынбасары Дәурен Есімхановпен төбелескені туралы ақпарат тарады. 

42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Анықталғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінің ғимаратында екі ер адам арасында жанжал болған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – деп мәлімдеді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысының әкімдігі де бұл жағдайға байланысты  мәлімдеме жасады.

"Спорт басқармасына қатысты тараған ақпаратқа байланысты хабарлаймыз: басқарма қалыпты жұмыс режимінде қызмет атқарып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады", – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Ал спорт функционері Айдар Махметов Серік Сәпиев пен оның орынбасары Есімханов арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, келіспеушілік тек жұмыс мәселелеріне байланысты туындаған. Құжаттарды ұсынудан бас тарту даудың негізгі себебі болған. Махметов физикалық жанжал болды деген ақпаратты жоққа шығарып, мұндай қауесеттердің шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.