Әлеуметтік желіде қауіпті тренд тарады. Желі қолданушылары ыстық суды аспанға шашып, ерекше көрініс түсіруге тырысады. Алайда бұл әрекет әрдайым сәтті бола бермейді. Тренд қуамын деп зардап шеккендер аз емес. Бұл қандай тренд және оның қаншалықты қауіпті екенін тілші Айғаным Тұрысбек зерттеп көрді.
Трендтің негізінде «Мпемба эффекті» деп аталатын құбылыс бар. Кей жағдайда ыстық су салқын суға қарағанда тезірек суып кетуі мүмкін. Себебі қайнаған су тез буланып, өзімен бірге жылуды алып кетеді. Бірақ даладағы ауа қатты суық болмаса, су бірден қатып үлгермейді. Керісінше, адамға төгіліп, күйікке әкелуі мүмкін.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Бұл тренд сырттай әдемі көрінгенімен шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін өз көзімізбен көру үшін шағын эксперимент жасап көретін боламыз. Ескертемін: бұны үй жағдайында қайталауға болмайды. Әлеуметтік желі қолданушылары осындай бір бөтелке ыстық суды аспанға шашып жатады. Ол әрине аса қауіпті. Сол үшін біз аз ғанан мөлшерде құйып, эффект бізде бола ма, болмай ма тексеріп көреміз.
Бұл терендті жасау үшін осындай қайнаған ыстық су керек. Қазірдің өзін де қорқынышты. Ендеше, байқап көрейік. 1 2 3. Көрдіңіздер ғой, бірнеше секунд ішінде қайнаған су желдің әсерінен не дұрыс емес әрекеттің арқасында мен күйіп қалуым мүмкін еді. Ал осындай аязды күні денеңізді күйік шалса ол үсікке де айналуы мүмкін.
САБИНА ШЕРМЕТОВА, ДЕРМАТОЛОГ-ДӘРІГЕР:
Ыстық сумен мұндай әрекет жасау өте қауіпті. Бұл бет терісінің бірінші және үшінші дәрежеге дейін күйіп қалуына, сондай-ақ көздің қасаң қабығының зақымдалуына әкелуі мүмкін. Мұндай күйіктің салдары ауыр: теріде тыртықтар қалады, кей жағдайда тіпті көру қабілетінен айырылу қаупі бар. Күйік жарақатын емдеу өте күрделі әрі ұзақ уақытты талап етеді.
Әдемі көрінген трендтер кейде денсаулыққа орны толмас зиян келтіреді. Мамандар мұндай қауіпті эксперименттерден бас тартып, трендке емес, қауіпсіздікке басымдық беруге шақырады.