Елімізде әлеуметтік көмек алушылар саны едәуір азайды. Алты жыл бұрын 2 миллионнан астам адамға мемлекет қолдау білдірсе, былтыр 300 мыңға дейін кеміпті. Цифрлық бақылаудың нәтижесінде жалған мұқтаждардың жолы кесіліп, бюджеттің 44 миллиард теңгесі үнемделген. Ал табысын жасырып, әлеуметтік көмек алмақ болғандарға қандай шара көріледі? Тілшіміз зерттеді.
Табысын жасырып, айлаға салып, үкіметтің ақшасын алып жүргендер жетерлік. Расында, 2019 жылғы атаулы әлеуметтік көмек беру тәжірибесі қоғамдағы біршама жат құбылыстардың бетін ашты. Сол тұста көмек ақшаны табыс көзіне айналдыру үшін жалған ажырасулар көбейіп, кей азаматтар тіпті жұмыс істеуден саналы түрде бас тартқан. Оларды «әлеуметтік масылдық» деп атады. Бұл заңдық термин емес, адамның мемлекетке тәуелді болып, өз бетінше күн көруге ниет білдірмеуінен туатын психологиялық феномен.
ҒАЗИЗА ӘДІЛБАЙ, ПСИХОЛОГ:
Сау адамдар иә, мысалы үлгілі отбасыдан шықсада экономика тұрақсыз ғой қазір осыны жеп қалайын осыны істеп қалайын осы маған пайдасын беріп қалсын деген ниетпен адамдар болашаққа деген сенімсіздіктің арқасында осы әрекеттерге барады.
Психологтар «балалық позиция» деп атаған бұл дерт қазір қатаң цифрлық бақылауда. Нәтижесінде өткен жылы көмек алушылар 7 есеге бірден қысқарған. Жаңа мобильді қосымшалардың арқасында 71 мың 500 отбасының қулығы әшкере болып, олар тізімнен шығарылды. Бұл мемлекет қазынасына 1,5 миллиард теңгені қайтарса, жалпы реформалардың арқасында 44 миллиард теңге үнемделіп, басқа да маңызды салаларға бағытталды.
ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
Бұл жерде басты мәселе қылмыстық іс қозғалғанның өзінде де, жалпы қылмыстық іс қозғалмай алған әлеуметтік төлемдер елеусіз болған жағдай да ол кісілер жауапкершіліктен құтылмайды. Яғни азаматтық тұрғы да жаңағы құзыретті орган ҚР азаматтық кодексінде заңсыз баю деген бап бар 953 бап осы бап бойынша заңсыз алынған қаражаттар міндетті түрде ол азматтардан өндіріледі.
Мемлекетті алдап, «әлсіздің» кейпін кигендердің жолын кесу үшін ведомство жаңа тексеру тетіктерін әзірледі. Бұдан былай көмекке мұқтаждықты анықтау критерийлері күшейтіліп, адамның тек табысы емес, банктегі жинақтары мен күнделікті шығыс операциялары да қатаң бақылауға алынады.
ШӘКІЛ ШЫҢҒЫС, ҚР ЕХӘҚМ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Азамттардың банктік қарыздары кредитері деп айтамыз оларды есепке алады бұл жерде ипотекалық кредиттер қосылмайды, және отбасы мүшесіне есептегенде 200 АЕК асатын жинақ салымдарының болуы бұл АӘК бас тартуға негіз болып табылады, бұл жерде тұрғын үй салымдары есепке алынбайды.
Қорыта айтқанда, қатаң цифрлық бақылау әлеуметтік көмектің тек шын мұқтаждарға жетуін қамтамасыз етіп, масылдыққа тосқауыл қоймақ. Өйткені жаңа жүйе адамның тек қағаздағы табысын емес, банктегі жинағы мен күнделікті шығындарын да назардан тыс қалдырмайды.