ҚПЛ клубының бұрынғы есепшісі ауыр жаза арқалады

фото: Aladop.kz.

“Қызылжар” клубының бұрынғы қызметкеріне қатысты шыққан сот үкімі шықты, деп хабарлайды Aladop.kz.

Петропавлдық ұдымда орын алған қаржылық дауға нүкте қойылды. Клубтың бұрынғы бас есепшісі Ольга Замелацкая ірі көлемде қаражат жымқырғаны және салықтан жалтарғаны үшін кінәлі деп танылып, қатаң жазаға кесілді.

2025 жылы “Қызылжар” клубында қаржылық заңсыздықтар анықталып, үлкен дау туындаған болатын. Тергеу барысында есепшінің лауазымын асыра пайдаланып, клуб бюджетіне қол салғаны әрі мемлекетке төленуі тиіс салықтарды жасырғаны дәлелденді.

Sports24.kz сайтының мәліметінше 22 қаңтар күні Петропавл қалалық соты Замелацкаяға қатысты келесідей үкім шығарды:

– Бас бостандығынан айыру: Кінәлі тұлға 7 жыл 6 айға түрмеге жабылды. Жаза мерзімі үкім шыққан күннен бастап есептеледі.

– Лауазымдық шектеу: Жазасын өтеп болған соң, оған 7 жыл бойы материалдық жауапкершілігі бар лауазымды қызметтерді атқаруға тыйым салынды.

– Қаржылық өндіріп алу: Сотталған азаматша жалпы көлемі 370 миллион теңгеге жуық өтемақы төлеуге міндеттелді. Оның ішінде 70 миллион теңгеге жуық қаражат тікелей “Қызылжар” клубының пайдасына өндірілмек.