«Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің штабы Шымкентте ашылды

Фото: Дала қырандары

Шымкент қаласында «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің өңірлік өкілдігі ресми түрде ашылды.

Штаб бірден бірнеше функционалдық бағытты қамтиды. Мұнда кездесулер мен пікірталастар өткізуге, оқыту шараларын ұйымдастыруға арналған аймақтар, жобалық топтарға арналған жұмыс кеңістіктері, сондай-ақ медиаөнімдер дайындау мен коммуникациялық бастамаларға арналған алаңдар қарастырылған.

Штабтың бірінші қабатында тренингтер, дәрістер мен білім беру кездесулерін өткізуге арналған оқу аймағы және кофе-брейкке арналған жеке орын орналасқан. Екінші қабат толығымен физикалық дайындыққа бөлінген. Мұнда спорт залы, киім ауыстыратын бөлмелер мен душ кабиналары жабдықталған. Мұндай формат қоғамдық қызметті тұрақты жаттығулармен қатар алып жүруге мүмкіндік береді. Бірлестік өкілдері физикалық дайындық жастар қозғалысының ішкі мәдениетінің маңызды бөлігі екенін атап өтеді.

Үшінші қабат үйлестіру қызметін атқарады. Онда жиналыстар мен кездесулер залы, подкаст аймағы, қозғалыс жетекшісінің, ивент-бөлім мен SMM-менеджердің жұмыс орындары, сондай-ақ қатысушыларға арналған демалыс аймағы бар.

Штабта визуалды безендіруге ерекше көңіл бөлінген.

«Интерьер ұлттық стильде заманауи элементтермен үйлестіріліп жасалған. Қабырғаларда Бекзат Саттарханов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Ақбан батыр сынды көрнекті тарихи және спорт қайраткерлерінің бейнелері салынған граффитилер, сондай-ақ қыран бейнесіндегі көркем композициялар бар. Бұл бірлестіктің өзіндік айдентико-визуалды стилін қалыптастырып, күш, қозғалыс пен құндылықтар сабақтастығы атмосферасын береді», — дейді «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің өңірлік көшбасшылары.

Шымкентте бірлестік шамамен бір жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі таңда оның қатарында сегіз отрядқа бөлінген 80 жас бар, әр отрядта 10 қатысушыдан. Штабтың ашылу күні 30 жас ресми түрде ұйым мүшесі атанып, оларға жеке куәліктер мен қалықтаған қыран бейнесіндегі фирмалық төсбелгілер табысталды.

«Мен бұл жастар қоғамдық бірлестігіне елімізге пайда тигізу үшін қосылдым. Бұл — тәртіп пен жауапкершілік. Университеттегі оқуымды қоғамдық жұмыспен қатар алып жүріп, спортпен айналысамын, салауатты өмір салтын ұстанамын және өзгелерді де соған шақырамын. Жаттығуларды видеоға түсіреміз, 21 жасқа толмағандарға алкоголь сатумен күресеміз. Бізде бастық жоқ — координаторлар бар, бәріміз тең дәрежеде, команда болып жұмыс істейміз», — дейді студент Юсуф Қасымов.

«Дала Қырандары» қызметі төрт негізгі бағытқа негізделген. Біріншісі — кәмелетке толмағандарға алкоголь сатудың алдын алу және суррогат өнімдерді анықтау. Екіншісі — мессенджерлер арқылы есірткі сатуды жарнамалайтын спам-жазбаларды бояп өшіру рейдтері. Үшінші бағыт — ашық аспан астындағы тегін жаттығулар. Белсенділер қаладағы спорт алаңдарын таңдап, оларды жабдықтап, барлық ниет білдірушілерге арналған ашық сабақтар өткізеді, салауатты өмір салтын насихаттайды. Төртінші бағыт мемлекеттік рәміздермен байланысты. Бірлестік мүшелері зақымданған тулар мен елтаңбаларды анықтап, оларды қалпына келтіруге ықпал етеді, мұны патриоттық тәрбиенің маңызды бөлігі деп санайды.

«Бұл — жастардың өсуіне, мотивациясын арттыруға және қоғамдағы өз рөлін түсінуге арналған платформа. Біз спортта және өзге салаларда болашақ мансаптық даму мүмкіндіктерін ашамыз. Басты мақсатымыз — қала жастарын салауатты өмір салтына барынша тарту және патриоттық құндылықтарды нығайту»,-деп атап өтті «Дала Қырандары» МОО-ның жауапты жетекшісі Қанат Сұлтан.

«Дала Қырандары» қатарына 16 жастан бастап қабылданады. Үміткерлер үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді: физикалық дайындықты тексеру, жарғы бойынша тестілеу және сұхбат.

«Қатысушылар (қырандар) маусымға сай формалық киіммен қамтамасыз етіледі — жаттығуларға, рейдтерге және ресми іс-шараларға арналған», — деп атап өтті координатор, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Мейрболат Тойтов.

Сонымен қатар ұйым ішінде қатаң ішкі тәртіп орнатылған. Жүйелі түрде белсенділік танытпаған немесе ережелерді бұзған қатысушылар ұйым қатарынан шығарылуы мүмкін.

Бүгінде «Дала Қырандары» Қазақстанның 27 қаласында жұмыс істейді. Қозғалыс Астанада басталып, алғашқы штаб Орал қаласында ашылған. Шымкент ірі қалалар қатарында келесі болып қосылды. Штаб Мадели Қожа көшесі, 46Б мекенжайында орналасқан. Биыл тағы 27 бөлімше, ал келесі жылы шамамен 40 бөлімше ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бірлестік құрамында 1700-ден астам жас бар және олардың саны артып келеді.

Еске сала кетейік, «Дала Қырандары» қатысуымен 2026–2028 жылдарға арналған синтетикалық есірткілерге қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары да әзірленген.