Мемлекеттік кеңесші — Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Құрылтай депутаттарын сайлауда қандай тәсіл қолданылатынын нақтылады.
Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі туралы айтсақ, жұмыс тобы толығымен пропорционалды тәсілге көшуді бірауыздан қолдады. Бұл — Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі Жолдауында көтерген бастама. Сол кезде Президент: «Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл — әлемде кеңінен таралған парламенттік рәсім» деген болатын. Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институционалдық рөлін арттыра түседі, — деді Ерлан Қарин.
Оның пайымдауынша, бұл тәсіл саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін де күшейтеді.
— Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі туралы айтсақ, Мемлекет басшысы бұған қатысты ұстанымын Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысында айтты. Ол «Жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр» деп нақты атап өтті. Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтады. Бұл мерзім болашақ Құрылтай құрамын жаңартып отыру тұрғысынан тиімді, яғни сайлау науқандарының жиілігі жағынан алғанда қолайлы болмақ, — деді Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары.