Украинадағы соғыс тоқтауына тағы бір қадам жасалды. Владимир Зеленскийдің айтуынша, АҚШ-пен екі ортада қауіпсіздікке кепілдік беретін құжат 100% дайын. Бірақ, АҚШ-тың өзінде жағдай тұрақсыз. Миннесота штатында Трамптың миграцияға қарсы полициясы тағы бір адамды өлтіріп, кішігірім «Азамат соғысы» басталудың сәл алдында тұр. АҚШ Президенті НАТО бойынша одақтастарын, әсіресе, Ұлыбритания әскерін еш пайдасы жоқ, - деп мазақ етті. Екі елдің қарым-қатынастары осы сөзден кейін шиеленісе түсті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі келіссөздер сәтті болған секілді. Соғыс аяқталған соң Украинаның қауіпсіздігі үшін АҚШ кепілдік береді. Аталған құжат толық дайын. Бұл туралы Украина Президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Дегенмен, ол уақытқа дейін Әуе Қорғанысы Кешендері көптеп керек деген талабын жасырмады.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз енді одақтастарымыздан қауіпсіздік кепілдемесіне қол қоятын орын беруді сұрап отырмыз. Одан кейін АҚШ Конгрессі мен біздің Жоғарғы Рада ратификациялайды. Ал, соғысты тоқтату бойынша, енді Ресейдің жауабын күтіп отырмыз. Президент Трамп екеуіміздің арамызда толық келісім бар.
АҚШ-тың Миннесота штатында кішігірім «Азамат соғысы» басталып кетуі мүмкін. Трамптың көші-қон полициясы тағы бір адамды өзінің рейдтері кезінде атып кеткен. Қазір, көші-қон полициясы мен жергілікті тәртіп сақшылары арасында теке-тірес басталды. Оған қоса, Президент әрекеттеріне наразы жергілікті билік, штаттың Ұлттық Ұланын қалаға кіргізді. Екінші жағынан тұрғындар да ереуілге шығып, қыспаққа алуда.
ТИМ УОЛЗ, МИННЕСОТА ШТАТЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:
Бұның барлығын теледидар мен әлеуметтік желіде көріп отырған америкалықтардан сұрағым келеді. Сіздер қай тарапты таңдайсыздар? Бір жағында 3000 мың білімі жоқ, баскесерлерді жіберетін билік. Екінші жағында әділдік үшін күрескен, бір-бірінен қол үзіп қалған отбасылар бар. Біз бұл көші-қон полициясының көзін құртпай тынбаймыз.
Трамп қайтадан одақтастарына опасыздық жасады. Әсіресе, Ұлыбритания наразы. Себебі, АҚШ Президентінің сөздері ең жақын одақтасына тиіп кеткен. Трамп «Біз НАТО-ны Ауғанстандағы соғыста көмекке шақырған жоқпыз. Олар келгенімен, ұрыс даласынан қашқақтпа алыста жүрді», - деген.
КИР СТАРМЕР, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Ең алдымен, мен Ауғанстанда қаза тапқан 457 британдық сарбаздың рухына тағзым еткім келеді. Тірі келгеннің өзінде қаншама жауынгер ауыр жараланып, тіпті, өмірлері адам сенбестей өзгерді. Трамптың сөзі, әр британдықтың ар-ожданын аяққа таптау. Біздің одақтастық қарым-қатынасымызға нұқсан келтірді деп білемін.
Пәкістанда сұмдық терракт болды. Елдің Солтүстік-батысында үйлену той өтіп жатқан жерде лаңкес өзін-өзщі жарып жіберген. Нәтижесінде 7 адам қаза болып, 25 адам жарақаттанды.