Ұлттық тестілеу орталығы қаңтар айындағы ҰБТ-ның аралық қорытындыларын жариялады. Орталықтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 173 қатысушының нәтижесі жойылған.
Тестілеу басталғалы бері ҰБТ-ға шамамен 90 мың адам қатысқан. Олардың 65 пайызы шекті балл жинады. Орташа нәтиже – 61 балл, ең жоғары көрсеткіш – 138 балл болды.
Тестілеуге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 260 талапкер де қатысты.
Ереже бұзғаны үшін 173 адамның нәтижесі жойылды. Атап айтқанда, 108 талапкер тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін тестілеуге кіргізілмеді, тағы 65 адам емтихан кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Бөгде адамдардың қатысу деректері анықталған жоқ.
Ұлттық тестілеу орталығы қаңтар айындағы ҰБТ 10 ақпанға дейін жалғасатынын еске салды.