Отандық әскери броньдалған көлік өндірісінде жас инженерлердің үлесі артып келеді

Қазақстанда отандық әскери броньдалған көлік өндірісі қарқынды дамып келеді. Бұл салада бүгінде жас инженер-конструкторлардың үлесі артып, жаңа технологиялар мен тың шешімдер енгізілуде. Жас мамандар заманауи талапқа сай, жоғары қорғаныс деңгейіндегі техниканы жобалап, құрастырумен айналысады. Нәтижесінде оқ өтпейтін, қауіпті жарылғыш заттарға төтеп бере алатын арнайы броньдалған көліктер шығарылады.

Бүгінде ел аумағында машина жасау саласында 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде әскери және арнайы техника шығаратын өндіріс орындары стратегиялық маңызға ие. Соңғы жылдары бұл салаға жас инженерлердің үлесі айтарлықтай артқан. Ресми деректерге сүйенсек, машина жасау кәсіпорындарындағы қызметкерлердің 40 пайыздан астамы 35 жасқа дейінгі мамандар. Олар заманауи технологияларды меңгеріп, жаңа үлгідегі техникаларды жобалаумен айналысады.

НАЗЫМ АЙТЖАН, ИНЖЕНЕР-КОНФИГУРАТОР:

Конструкторлар құраса, конфигураторлар біздер сол конструкторлардың сызбаларын тексеріп, оны базаға енгіземіз. Сосын ол ары қарай цехқа түсіп, сол сызбалар өндіріске өтеді. Біз сол сызбаларды тексеріп, айырмашылықтарын тауып, болса қателерін түзетіп, жұмысымыз сол жалпы. 

Әскери броньдалған көлік шығаратын ірі өндіріс орындарының бірінде инженер-конструкторлар арнайы техниканың жобасын әзірлеп, әр бөлшегін сызбаға түсіреді. Бір броньдалған көлікті жасауға мыңнан астам бөлшек қолданылады, ал жобалау мен құрастыру процесі бірнеше айға дейін созылады. Нәтижесінде оқ өтпейтін, қауіпті жарылғыш заттарға төтеп бере алатын, жоғары қорғаныс деңгейіндегі арнайы техника дайындалады. Мұндай көліктер қауіпсіздік құрылымдары мен арнайы қызметтердің қажеттілігін өтеуге бағытталған.

ЖІГЕР САНСЫЗБАЙҰЛЫ, БІРІНШІ САНАТТАҒЫ ИНЖЕНЕР-КОНСТРУКТОР:

Әр затты құрастырғанда, құрастыру барысында бір емес, бірнеше нұсқада параллель ойлау қабілеті болу керек. 3Д моделирование дейді ғой, пространствода сол затты көре білу керек. Кем дегенде ойда уже елестете білу керек. Одан кейін қағазға, эскизге, сол көмекші құралдар компьютерге макетін жасап шығарасыз.

Елдің машина жасау саласы өңдеу өнеркәсібінің шамамен 20 пайызын құрайды. Ал автокөлік және арнайы техника өндірісі бұл саланың ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі саналады. Соңғы бір жылда отандық автокөлік өндірісінің көлемі 15-20 пайызға өскен. Бұл өсім ең алдымен білікті кадрлар мен техникалық білімнің дамуына байланысты. Бүгінде елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам инженерлік-техникалық маман дайындалады. Олардың бір бөлігі тікелей өндіріс саласына келіп, нақты жобалармен жұмыс істейді.

ТЕМІРЛАН САДЫҚОВ, ТЕХНИК-КОНСТРУКТОР:

Үлкен мамандармен жұмыс істеу, осындай үлкен зауытта біздің елімізге машина құрастырып, тяжелая брони техника зауыты дейді ғой, өзіміздің елімізді қорғауға арналған заманауи техниканы шығару мен үшін үлкен мақтаныш болып табылады.

Өндірістегі әр процесс жоғары дәлдік пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі бұл жерде темір ғана емес, адам өмірінің қауіпсіздігі сынға түседі. Отандық өндірісте осындай жас, білімді мамандардың болуы еліміздің индустриялық және технологиялық тәуелсіздігіне жасалған маңызды қадам.