Аққулы ауданында прокуратураның үйлестіруімен құқық қорғау органдарының қызметкерлері мал ұрлығым айналысқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Арнайы операция нәтижесінде 50-ден астам жылқы мен ірі қара мал ұрлады деген күдікпен 6 адам анықталып, ұсталды. Олардың қылмыстық әрекеттерінен келтірілген залал 60 миллион теңгеден асады.
— Күдіктілер алдын ала қылмыстық рөлдерді бөлісе отырып, ұйымдасқан түрде әрекет еткен. Ұрланған жылқылар мен ірі қара мал оқиға орнында сойылып, Абай және Павлодар облыстарының нарықтарында сатылған. Төрт елді мекенде тінту шаралары жүргізілді, оның екеуі көршілес Абай облысының аумағында орналасқан. 28 бас жылқы, мал терілері, үш автокөлік, 8 бірлік қару және оқ-дәрілер тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұсталғандардың үшеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Сондай-ақ Павлодар облысының Май ауданында осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар 3 күдікті анықталып, қамауға алынды. Олардың 100-ден астам ірі қара мал ұрлауға қатысы бар болуы мүмкін. Келтірілген залал 20 миллион теңгеден асады.