Семей тұрғындары түнде аула аралайтын бойжеткеннен қорқуда

Семей тұрғындары түнде аула аралайтын бойжеткеннен қорқуда. “Енді бейтаныс еркектерден ғана емес, әдепсіз әйелдерден де сескенеміз”- дейді олар. Қала тұрғыны Аружан таңғы сағат 4 шамасында жұмыстан үйіне қайтқан. Оның айтуынша, аулаға кірген сәттен бастап подъезд есігіне дейін артынан белгісіз әйел ерген. Кейін ол Аружаннан подъезге бірінші болып кіруін талап еткен. 

АРУЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сырттай қарасаң, ол – әйел адам. Қорқудың қажеті жоқ сияқты көрінеді. Бірақ мен қатты қорықтым. Физикалық тұрғыдан өзімді мықтымын деп ойласам да, оның қолында суық қару болуы мүмкін ғой. Қазір түрлі жағдайларды естіп жүрміз. Сондықтан өте қорқынышты болды. Кейін видеоға түсірудің пайдасы жоқ екенін түсініп, ағама хабарласып, сыртқа шығуын өтіндім.

Ал желіде Қарағайлы ауданының тұрғындары қыздың түнде пәтерлерді аңдып, қабаттарды аралайтынын айтып, пікір жазып жатыр. Олар бұл қызға қатысты басқа да  видеоларды жариялаған. Олардың айтуынша, қыздың анасы оның білімді, шетелде оқығанын айтып, ешбір ауытқу көрмегенін жеткізген.

АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Екі азаматша арасында ауызша жанжал шыққан. Жанжал барысында 24 жастағы бойжеткен бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, түсініктеме алынды. Аталған дерек бойынша 24 жастағы азаматшаға қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.