Елдегі барлық мектептер ескертусіз тексеріледі

Елдегі барлық мектептер ескертусіз тексеріледі. Өйткені соңғы кездері оқушыларға қатысты құқықбұзушылық артты. Астан ұшынған, буллингке ұшыраған бала көп. «Тосыннан тексеру» қағидасы 1 ақпанда басталады. Ал жауапты министрліктер ерекше бақылауды қажет ететін білім ошақтарының тізімін үш күннің ішінде дайындауы керек. Бұл Үкімет басшысының қатаң тапсырмасы. Балалар қауіпсіздігіне қатысты тағы қандай шаралар қабылданып жатыр? Әріптесім Аружан Задабек жауаптылардың есебін тыңдап қайтты.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бала – мемлекеттің басты байлығы деп айту бізде дәстүрге айналған. Елде 7 миллионға жуық бала бар. Бұл – халықтың 34 пайызы. Бірақ сол 34 пайыздың қауіпсіздігі, білімі мен болашағы қағаз жүзінде ғана қорғалып жүрген жоқ па деген сауал туады. Бүгін Үкімет осындай тағы бір құжатты, тұжырымдаманы қабылдады. Үкімет басшысы мұның жаттанды сөз, жалған ұран болмауын қатаң тапсырды.

Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді қазақ. Министрлер мақалдың мәнін терең ұға бастағанға ұқсайды, төртеуі бірігіп бала тағдыры үшін бірге әрекет етуге көшті. О баста қолға алынуы тиіс тұжырымдаманы уақытынан кеш қалса да қабылдап, әйтеуір іске көшті. Оған бөлінген қаржы да аз-маз емес, 1,3 трлн теңге. Енді оқушы тағдырын талқандайтын оқиғалар азаяды деген үміт бар.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасында  білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру  және отбасының әл-ауқаты саласында  балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қамтылған.

Енді мектептерде педагог-психолог сағаты енгізіледі. Буллингке ұшыраған оқушылар үшін 40 көмек кабинеті ашылады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға бұрынғыдан да көбірек назар аударылады. Бұл – министрдің баяндамасы. Сүлейменова, Қазақстан тіпті, балалар құқығын қорғауда Орталық Азияға ғана емес, Еуропаға да үлгі да мақтанды. Ал халық еліміз, расымен үлгі болса, неге ауыл баласы үйірмеге жете алмай отыр деп күйінеді. Ерекше бүлдіршінін бір есіктен бір есікке сүйреп жүрген ананы көрсең, жоғарыдағы есепке күдікпен қарайсың. Өйткені мұндай жандар үшін жақсы маман табу кәдімгі квестпен тең.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кешенді шаралар қарастырылған, оның ішінде психолого-медико-педагогикалық консультациялардың желісін кеңейту, коррекциялық қолдау кабинеттері мен аутизм орталықтарын дамыту, сондай-ақ білім беру ұйымдарында балаларды жүйелі түрде сүйемелдеу енгізу көзделген.

Басқаны былай қойғанда, қауіпсіздік дегенде бірінші еске түсетін мектептегі күзет мәселесі әлі шешімін таппады. Шу шыққан сайын, енді егде жастағылар қарауыл бола алмайды деп артын жуып-шайғандай боламыз. Бірақ іске келгенде көзге көрінетін көрініс бір. Мұндайда жауаптылар «бастысы 100 пайыз бейнебақылау камерасымен қамтылған» деп өздерін ақтап алуға әбден әуестеніп алған.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Мектептер қасында инфрақұрылымды тексердік. Қосымша жаяу жүргінші бағдаршамдары, жасанды кедергілер, жол белгілері, қоршауларға жарықтандыру орнатылды.

Мектеп дегенде, асхана мәселесі қаузалмай кетпейді. Соңғы жылдары білім ошақтарында астан ұшыну дерегі көбейді. Денсаулық сақтау министрі тәрелкеден тарақан теріп, кеседен көгерген көкөніс жеген оқушылардың құқығы мен денсаулығы көрғалады деп уәде берді. Әлназарованың әзірлігі бұл ғана емес. Нәресте өлімін азайту, ем іздеп шетел асатын бүлдіршіндерді елде емдеу секілді ілкімді жобаларды қолға алған.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Қазақстан ДДҰ-ның жұқпалы емес аурулардан мезгілсіз өлімді 25%-ға қысқарту жөніндегі мақсатына қол жеткізген Орталық Азиядағы бірінші ел болды. Біздің міндетіміз – әр баланы сау өсу жолында сүйемелдеу.

Үкімет басшысы да осыған қатысты министрге бірнеше тапсырма берді. Дәлірек, бургермен оразасын ашып, энергетикалық сусынмен түскі асын қорытатын жеткіншектерді назарға алуды сұрады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Тіпті, кей кезде оған тәуелді болып қалады. Осы қауіпке бәріміз, бүкіл ел болып, қоғам болып тойтарыс беруіміз қажет. Өте қауіпті жағдай. Ұсыныс енгізіңіздер.

Былтыр түнгі уақытта көшеде қараусыз жүрген 130 мың бала ұсталды. Ал 2 600 жеткіншек ойын-сауық орындарын үлкендерсіз сауғалаған. Ата-ана міндетін орындамаған 29 заңды өкіл жауапқа тартылды. Балаларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 17 мың жүргізуші заң алдында жауап берді. Биыл бұл шара, тіпті, күрделенеді. 1 ақпаннан басталатын ескертусіз тексеріс басталса, біраз заңбұзушылыққа тосқауыл қойылғалы тұр.