Қостанайда сапасыз мектеп салған мердігерден қомақты қаражат өндірілмек

Қостанайда мектеп салған мердігерден 267 миллион теңге өндірілмек. Кәсіпкер білім ордасын сапасыз жүргізген. Тіпті құрылыс кезінде ғимараттың шатыры құлап, төбесі опырылып түскен.

Қонай шағын ауданындағы мектеп құрылысына 2,2 млрд теңге бөлінген. Білім ордасы 900 оқушыға арналған. Алайда құрылыс кезіндегі техникалық тексеріс, сот процесстері мен опырылып түскен шатырды қалпына келтіру жұмыстарының салдарынан  межелі жоспар  орындалмаған. Оқу ошағы дер кезінде қолданысқа берілмеді. Облыстық құрылыс басқармасы мердігерді сотқа беріп тынды. Сараптама нәтижесі  шатырдың техникалық талаптарға сай бекітілмегенін, жоғары  деңгейде дәнекерленбегенін дәлелдеп отыр. Еске салайық, бұған дейін дәл осы компания салған тағы бір ауыл мектебінің  қабырғасы құлап, спорт кешеннің бір бөлігі қираған еді.

ЛӘЗЗАТ БАЙҒОЖИНА, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Келісім-шартта мердігер тапсырыс берушіге келісім-шарттарының дұрыс орныдалмауы салдарынан туындаған шығынды өтеуге міндетті екені көрсетілген. Сот шешімімен жауапкер облыстық бюджетке 266 миллион теңгеден астам соманы өндіруге міндеттелді. Бұл спорт залының шатырының құлау себептерін анықтау, сондай-ақ оқиғаның салдарын жою  және құрылыс жұмыстарын аяқтау шығындарын қамтиды.