Ал Алматы облысында қыркүйекте берілген мектептен кемшіліктер анықталуда. Жаңа білім ошағының төбесінен де жертөлесінен су сорғалап тұр. Тіпті балалар қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары орнатылмаған.
Мұхамеджан Түймебаев ауылына қарасты бұл мектепте бүгін баласына алаңдап, шағымданып шаршаған қарашаның қарасы қалың. 1 жарым миллиардтан аса қаржы кеткен мектеп құрылысының жұмыстары ата-аналардың көңілін көншітпеді. Қыркүйекте ғана қолданысқа берілген мекеме астынан су шығып, саси бастаған. Ал ғимарат ішінде бірде бір өрт дабылы, не балалардың қауіпсіздігі үшін деп орнатылған бейнебақылау камерасы жоқ. Үзілістегі қоңыраулардың өзі қолмен соғылатын көрінеді.
МАДИНА КИБРИХАНОВА, АТА-АНА:
Талабымыз балаларға бейнебақылау, өрт дабылы, мына астындағы судың көзін жою. Үш қабатқа колокольчик қоңыраумен звонок соққан деген енді өте ұят дүние.
ИНДИРА АБЫШЕВА, АТА-АНА:
Мектептің сапасынан қорқамыз. Құрылыс сапасы дұрыс жүргізілмеген. Үшінші этажынан су ағып жатыр. Тоқ тұрған жерлерден тамшылап су ағып жатыр.
Мектеп бірнеше жыл бұрынғы жер сілкінісінен соң қауіпті деп танылып, жұмысын тоқтатқан еді. Араға бір жыл салып құрылысы бітті деп бөріктерін аспанға лақтырған тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылыпты. Бүгінде қауіпсіздік талаптары сақталмаған мектепте екі мыңға жуық баланың білім алуына қалай рұқсат берілгені белгісіз. Әйтеуір атқа мінер жауаптылар мәселені тез арада шешеміз деп сендірді.
КЕНЖЕ БУРХИНА, АЩЫБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Төтенше жағдайдың алдын алу салдарын жою мақсатында мемлекет тарапынан 1 миллиард 541миллион теңге қаражат бөлінген. Қазіргі көтеріліп отырған мынау төбеден су ағу мәселесі бұл сметалық құжатқа кірмеген. Қазіргі таңда мына АРЧ строй компаниясының өз тарапынан бұл мәселені жою мақсатында қазіргі кезде келіссөз жүргіздік. Бір 3-4 күннің арасында осы мәселені жойып береміз.
ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Мектептің бір жылдық кепілдігі бар. Сондықтан мердігер кемшілікті қалпына келтіруге міндетті. Төбеден аққан суды келесі айда тоқтатамыз деп уәде етті. Ал бейнебақылау камераларының жабдықтары Ресей шекарасынан әлі өтпеген. Нақты қашан келетіне әзірге белгісіз.