Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа үй құжаттарын рәсімдей алмай отыр

Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа үй құжаттарын рәсімдей алмай отыр. Жүздеген адамның ресми түрде мүлкі жоқ. Билік тарапы бұл ағаттыққа қалай жол берді? Жұрт мемлекет ұсынған үйдің заңды иесі бола ма? Толығырақ аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин айтады.

Петропавлдың шетінде тұрған Бірлік шағын ауданы 2024 жылы құрылды. Мұнда тасқыннан зардап шеккендер үшін 700 баспана бой көтерді. Бескөл, Озерный, Соколовка және тағы басқа ауыл тұрғындары осы жерде баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Алайда, 500-ден астам адам әлі күнге дейін үйді өз атына жаздыра алмай отыр.

АМАНГЕЛДІ БЕКМҰРАТОВ, БІРЛІК ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйде тұрамыз, документ жоқ. Құжат болмағасын ертең қорқамыз, сыпырып алады ғой. Әйелім айтады: сен ауырып тұрсың, ертең өліп қалсаң, бізді қуып шығады ғой үйден. Көп құжатқа қол қойдым. Жарайды, телефон соғамыз, келесіз деді. Енді мен телефон соғамын, алмай қойды.

Тұрғындар медициналық көмектен де қағылып отыр. Себебі, бұрынғы емхана тым шалғайда орналасқан екен.

НАТАЛЬЯ ПРОХОРОВА, БІРЛІК ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйіміз өз атымызда болмаған соң, біз осында тіркеле алмай отырмыз. Сәйкесінше, жақын маңайдағы емханада емделе алмаймыз. Ал өзіміздің бұрынғы емханамыз қаланың басқа шетінде тұр. Оған бару үшін 15 шақырым жүру керек.

Жұрттың базынасын тыңдауға қала әкімі келді. Атқамінердің айтуынша, жерді рәсімдеуге мемлекеттің жаңа ғаламтор порталы кедергі болған.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

2025 жылдың маусымынан бастап, қараша айына дейін портал жұмыс істеген жоқ. Үкімет жаңа бағдарламаны іске қосты. Енді бұл жаңа бағдарламада біз жер учаскілерін рәсімдей алмадық. Үкіметпен бұл мәселені біз кеше ғана шештік. Бір күннің ішінде 36 жер учаскесін тазалап, адамдардың аттарына өткізуге дайындап қойдық.

Сөйтіп, шенеуніктердің сөзіне сенсек, жер учаскілерін рәсімдеу науқаны енді басталғалы отыр. Билік тарапы алдағы 3 айдың ішінде барлық үйлерді тұрғындардың атына жазуға уәде етуде.