Түркістан облысында санитарлық талапты бұзған мектеп асханаларына 7,3 млн теңге айыппұл салынды

Фото: ДСМ

Түркістан прокурорлары 70-тен астам білім беру мекемелерінің асханаларында санитариялық талаптардың сақталмағанын анықтады. 

Түркістан облысының прокуратурасы білім беру ұйымдарының асханаларын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне талдау жүргізді.

— Талдау нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында асханаларды жаңғыртып, пайдалануға алған кәсіпкерлердің 70 мектепте санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз қызмет атқарып келгені анықталды, — делінген хабарламада.

Түркістан облысының прокуратурасы аталған заң бұзу бойынша облыс әкімдігіне және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қадағалау актілерін енгізді.

— Нәтижесінде 50 білім беру мекемесі санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларын алды және 12 184 балаға тиісті қызмет көрсетіледі. Заң бұзу бойынша мектеп әкімшілігі мен кәсіпкерлерге «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес 81 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 7,3 млн теңгеден астам айыппұл салынды, — делінген Түркістан облысының прокуратурасы хабарламасында.