«Қазақтелеком» атын жамылған алаяқтар пайда болды

Фото: pixabay

Астана қаласының Полиция департаменті зиянды қосымшалар арқылы ақша ұрлау фактілерінің жиілеп кеткенін ескертеді. Алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін «Қазақтелеком» қызметкері ретінде таныстыра бастаған.

«Олар байланыс қызметіне жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталғанын хабарлайды немесе «ерекше» жеңілдіктер ұсынады. Кейін WhatsApp мессенджері арқылы «деректерді жаңарту» немесе «жеңілдікті іске қосу» үшін сілтеме жібереді. Сілтеме арқылы өткен жағдайда телефонға зиянды файл (APK) жүктеледі. Оны орнатқаннан кейін қаскөйлер банк қосымшалары мен жеке деректерге қашықтан толық қол жеткізе алады», - делінген хабарламада.

Мұндай жағдайда телефон қатты қызып кетеді, экран бұғатталып немесе басқару командаларына жауап бермей қалуы мүмкін. Сондықтан телефонды өшіріп, SIM-картаны шығарып, интернетті өшіру керек.

Сондай-ақ банкке дереу хабарласып, барлық шот пен картаны бұғаттаған жөн.