Ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласына жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT»фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан осылай дейді. Оның айтуынша, аграрлық жоғары оқу орындарына негізінен ауыл жастары түседі, ал 2025 жылы мектеп бітірушілер саны 217 мыңнан асты, оның 67,4%-ы ауылдық жерлерде орналасқан.
Соңғы 10 жылда мемлекеттік білім беру гранттарының жалпы саны 2,5 есеге артқанымен, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» пен «Ветеринария» мамандықтары бойынша грант үлесі екі есе қысқарған.
«Атап айтқанда, 2025 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағыты бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының саны 16%-ға, оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 37%-ға мал шаруашылығы - 23%-ға қысқарды. Аталған салалар ауыл шаруашылығының негізгі бағыттары болғанына гранттар саны жыл сайын азаюда», - деді ол.
Сонымен қатар, аграрлық мамандық студенттерінің шәкіртақысы 52 мың теңге, бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда төмен, ал ауылдық отбасылардың табысы тұрақсыз.
«Нәтижесінде мемлекет агроөнеркәсіп кешенін басым бағыт деп жариялағанымен, ауыл жастарының аграрлық білім алуына қажетті жағдайлар жасалмай отыр», - деді депутат.
Депутат агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін келесі ұсыныстарды енгізді:
- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттар санын арттыру;
- Аграрлық және ветеринариялық студенттердің шәкіртақысын педагогикалық және медициналық бағыттармен теңестіру;
- Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2026–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын жедел бекіту;
- Бейіндік ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықты сенімгерлік басқару шарттарын 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту.