70-ке жуық жазасын өтеуші отбасын құрды

фото: pixabay

Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталушылар арасында  жаңа өмірге бетбұрыс жасап, отбасын құрғандар аз емес. Жыл басынан бері 6 адам заңды некеге тұрған. Өткен жылы 70-ке жуық адам шаңырақ көтерген. Жуырда ұрлық бабы бойынша сотталған тағы бір азамат сүйіктісімен некесін заңдастырған. 

Мекеме мамандарының айтуынша, сотталғандардың некеге тұруына барлық заңды жағдай жасалған. Олар, алдымен, мекеме заңгерлерінен кеңес алып, өтініш рәсімдейді. Кейін АХАТ бөлімінің қызметкерлері неке қию рәсімін өткізіп, неке куәлігін табыстайды.

- Түзеу мекемелерінде неке қию жазасын өтеушілерге оң әсерін тигізеді. Отбасылы болған азаматтар тәртібін түзеп, мерзімінен бұрын босап шығуға ұмтылады. Өмірге көзқарасы өзгеріп, қоғамдағы орнын табуға талпынады. Бостандыққа шыққан соң отбасы алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді. Өтініш білдірушілердің арасында ұзақ жыл бірге өмір сүргенімен ресми некеге тұрмағандар да кездеседі, - дейді №60 мекеменің заңгері Ардақ Ізмағанбетова.