Шымкентте тәрбиеші ұйықтамаған балаға ине саламын деп қорқытқан

Балаларды шприцпен қорқытқан. Шымкентте мемлекеттік балабақшалардың біріндегі жағдай ата-аналардың жағасын ұстатты.

Бұл жағдай Тұран ауданындағы №59 «Айша» мемлекеттік бөбекжай-балабақшасында болған. Түскі ұйқыға жатқызылған бүлдіршіндерді тәрбиеші екпе салатын инемен қорқытқан. Бейнебақылау камерасындағы жазбаны көріп, шуласқан ата-аналар бұл жағдайдың тұрақты түрде қайталанғанына сенімді. Білім басқармасы  келеңсіз жағдайдың тіркелгенін растады.  «Бәйтерек» мектепалды тобының тәрбиешісі тарапынан балаларға қатысты психологиялық және физикалық қысым көрсету белгілері яғни шприцпен қорқытып, қол көтеру секілді фактілердің анықталуына байланысты қазір тексеру жүріп жатқанын хабарлады.

КҮЛЗИНА УАЛИХАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Оқиғаның барлық мән-жайы құқық қорғау органдары мен білім басқармасы тарапынан жан-жақты әрі объективті түрде зерделенуде. Тергеу нәтижелері бойынша заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық баға берілетін болады. Аталған мәселе Шымкент қаласының білім басқармасының қатаң бақылауында.