Израиль тәуелсіз Палестинаның құрылуына қарсы

Тәуелсіз Палестинаның құрылуына жол бермеймін. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху осылай деді. Сонымен қатар, Газа секторы да ешқашан азат болмайды, - дейді Израиль басшысы. Трамп болса, елге келген иммигранттардың барлығы жай ғана қылмыскер емес деп айды аспаннан шығарды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Иордан өзені мен Жерорта теңізіне дейінгі аумақтың барлығы біздікі. Бұл жерде Палестинаның құрылуына жол бермейміз. Израиль Премьер-министрі сонымен қатар, ХАМАС ұйымын толық жойып, тек сонда ғана жергілікті мұсылмандар тыныштық табатынын айтты.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мен Газа секторы қарусызданғанға дейін, аумақты толық қалпына келтіру туралы әңгімені көп естіп жатырмын. Ол жерде өзге елдің әскері де болмайды. Ешқандай құрылыс та жүрмейді. Толықтай Израиль қарамағында қала береді.

Америкада лаңкестер қаптап кетті. Трамп, бірде-бір заңсыз мигрант елде қалмау керектігін қайталады. АҚШ Президентінің айтуынша, сырттан келгендердің барлығы не экономикаға пайдасы жоқ, оның үстіне, қылмыс жасап, күн көретін қаскөйлер.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Американы шын жүректен жақсы көріп, пайдасын тигізетін адамдар ғана елге кіруі керек. Оның өзінде, тек заңды түрде. Ондайлардың үлесі өте аз. Көп жағдайда Оңтүстік шекарамыздан наркокартель мүшелері мен лаңкестер кіреді. Кіріп, қарақшылықпен ақша тауып, Американы жек көретіндерін қайтесің!

Трамп сайлауалды бағдарламасын бастады. Қос партия бәсекеге түсетін өтпелі сайлаудағы үгіт-насихатты Айова штатынан Президенттің өзі бастады. Айтуынша, бір жылдың ішінде қымбатшылықты тоқтатып, халықтың әл-ауқатын көтерді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің сайлау жүйесін түсіну қиын. Президент сайлауында жеңіске жетсең де, Өтпелі сайлауға тәуелдісің. Демократтар жеңсе, шаруамыз бітеді. Бұл – әділетсіздік деп санаймын. Мен қарапайым америкалықтардың жағдайын жасаймын десем, кедергі келтіріп отырады.

АҚШ-та, ауа-райының келеңсіздігінен қаза тапқандардың саны 42-ге жетті. 14 штатта қар жауып, жылу мен электр жарығы жаппай өшті. Қайғылы жағдайлардың себебі ретінде, көк тайғақтағы жол апаттары мен, электр жылытқыш сымдарының қысқа тұйықталуы айтылып отыр. Әуежайларда 11 мың рейс кейінге шегерілді.