"Ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды", - Президент

"Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін". Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев агенттікте өткен жиында айтты. Себебі, қазір алаяқтар жасанды интеллектіні жақсы меңгерген. Сондықтан агенттік  заман талабына сай болу керек деді. Президент құрылғанына 5 жыл болған қаржы мониторинг агенттігіне қандай тапсырма жүктеді? Толығырақ алдағы сюжетте.

Қаржы мониторинг агенттігінің құрылғанына биыл 5 жыл толды. Осы кезге дейін агенттік  20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатты. Елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Бұл – Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы бөлімше. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкерелеген. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен астам қылмыстық топ құрықталған. 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылды. Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз. Дегенмен тоқмейлісуге болмайды. Агенттік әлі де жаңа техналогияны пайдалана отырып, тың жобаларды жүзеге асыруға тиіс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады. Агенттік қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі алдымызда биік мақсаттар мен ауқымды жұмыс бар. Әсіресе, қазір өте қарқынды дамып жатқан цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірінде жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет Агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап жатқанын жеткізді. Кадрлық құрам ұлғайтылды, жалақы жақсарды. Жұмысшыларға үйде берілді. Енді бұдан да жақсы деңгейде жұмыс жасауы қажет. Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен жақында «Құқық бұзушылық профилактикасы» туралы Заңға қол қойдым. Бұл заңға сәйкес Агенттік алғаш рет экономикалық қылмыстың алдын алумен айналысатын толыққанды құрылым ретінде көрсетілді. Осыған орай, қылмыстың алдын алуға қажетті жаңа әрі тиімді шаралар қажет. Көп жағдайда келтірілген залалды өтеу мәселесі оң шешімін таппай жатады. Сол себепті, қылмыстың салдарын емес, себебін анықтап, онымен күресу маңыздырақ.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қаржылық барлау қызметкерлеріне нағыз жауапкершілік жүктелгенін айтты. Себебі, ашкөз, көрсеқызар мамандар нағыз патриот болаламайтынын жеткізді. Бұдан басқа, барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыс жасаумен парапар екенін түсінуге  шақырды. Осы тұрғыдан Мемлекет басшысы Агенттіктің кәсіпкерлермен жұмыс тәсілін қайта қарауға үндеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл, ең алдымен, Қаржылық мониторинг агенттігіне қатысты. Маған аймақтарда қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар деген шағымдар келіп түсіп жатыр. Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады.

Жаңа салық саясаты енгелі жұрт қолма-қол ақшаға өткен. Оны Мемлекет жақсы біледі. Деседе, бұндай жағдайға көз жұмуға болмайды. Өйткені бұл салық саясатына, үлкен кедергі келтіреді. Президент капиталдың заңсыз сыртқа кетуі, экономикалық қауіп төндіріп отырғанын айтты. Агенттікке арнайы ұсыныс енгізуді тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әлеуметтік желілерде ақшаны криптоға айырбастау жарнамасы тыйылмай тұр. Демек, мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан «көш бастап тұрған мемлекеттердің» бірі. Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін.

Президент Агенттік алдында көптеген күрделі әрі маңызды міндет тұрғанын атап өтті. Осы арқылы біз елімізде жаңа қоғамдық-саяси жүйе қалыптастырамыз деді.Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмыс тың қарқынмен жалғасатынына сенім білдірді. Жиын соңында Президент қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің бір топ қызметкерін мемлекеттік наградамен марапаттады.